Атырау, 25 қараша 09:28
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақстанда тұңғыш атом электр стансасының құрылысы басталмақ

7 645 просмотра

Көрнекі сурет.Көрнекі сурет.АСТАНА. 5 маусым. BAQ.KZ – Қазақстанда 2018 жылы тұңғыш атом электр стансасының құрылысы басталмақ.

Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында өткен халықаралық семинарда белгілі болды. Атом энергиясын бейбіт пайдалану саласында Қазақстан және Жапониялық техникалық қызметтестікке 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған семинарда екі елдің де мамандары Қазақстанның атом электр стансасын салуға толық мүмкіншілігі бар екенін атап өтті.

Жапония мен Қазақстан атом энергиясын бейбіт пайдалану саласында 20 жылдан бері көптеген тәжірибелерді бірлесе өткізіп келеді. Осы ғылыми-техникалық серіктестіктің 20 жылдығына арналған халықаралық семинар барысында екі жақ атом және термоядролық энергетика саласын зерттеу үшін тағы 5 жылдық келісімге қол қойды. Бұл орайда энергия өндіретін 54 стансасы бар Жапонияның атом электр стансасын салу кезінде қосар үлесі сүбелі болмақ.

Йоши Фуджие, Жапония атом энергетикасы жөніндегі комиссиясының бұрынғы төрағасы:

- Біз өз тарапымыздан қолдан келер көмекті көрсетуге әзірміз. Қажет болса, мамандарды да даярлап береміз.

Бұл тұрғыда Қазақстанның өз мүмкіншілігі де біршама жоғары деңгейде, - дейді мамандар. Қазір елімізде Курчатовпен қатар, Балқаш ауданы аумағы атом электр стансасын салуға қолайлы деп табылып отыр.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:

- Өткен аптада алғашқы меморандумға қол қойылды. Оның шеңберінде Курчатов қаласында салынатын атом электр станциясының құрлысы Ресейдің қатысуымен өткізілетіндігі белгілі болды. Бұл тек алғашқы қадамдар. Сондықтан, станцияның Курчатовта нақты орналасатын жері, қандай қондырғылар қолданылатыны, қуаттылығы тәрізді мәселелер алдағы екі жылда біртіндеп шешіледі.

Ерлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының директоры:

- Бұл салада дайындықтан өткен мамандар біздің Ұлттық ядролық орталықта бар. Өйткені, бізде үш ядролық реактор, атом энергетикасын дамыту бойынша ірі тәжірибелік кешендер де жұмыс істейді. Сондай-ақ, атом электр станциясын салуда дайындалған қызметкерлер қатары да жеткілікті.

Мамандардың болжамынша, Курчатовқа салынатын атом электр стансалары орта қуаттылықта жұмыс істейді. Бұл ел аумағын толық энергиямен қамтамасыз етуге жеткілікті болады екен. Ал, одан өндірілетін энергияны еліміз 2024 жылдан бастап пайдалана бастауы мүмкін.

Дереккөз: baq.kz

5 маусым 2014, 12:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.