Сот алдындағы қазақстандық студенттер. Фото: Reuters
Алматы. 3 маусым. ҚазТАГ – Бостондағы террактіні тексеруге кедергі келтірді деп айыпталған қазақстандық студент Диас Қадырбаевтың қорғаушысы сотта оның айтатын көрсетулерін ескермеуді сұрады, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
«Бостондағы террактіні тексеруге кедергі келтірді деп айыпталған қазақстандық студент Диас Қадырбаевтың адвокаттары дүйсенбі күнгі сотта оның алғашқы ұсталған кезде билік өкілдеріне айтқандарын ескермеуді сұрады», - делінген жарияланымда.
Оған негіз ретінде қорғаушылар лингвистика саласындағы сарапшы, Темпель университетінің профессоры Анета Павленконың пікірін келтірді. Ол Д. Қадырбаев ағылшынша онша білмейді деп мәлімдеді. Сөйтіп, А. Павленконың айтуынша, ол жігіт 2013 жылғы сәуір айында ұсталған соң оған АҚШ Федералдық тергеу бюро (ФТБ) агенттерінің оның құқықтары туралы оқығандарын, атап айтқанда, адвокат талап етуге және ешнәрсе айтпауға құқығы барлығын ол толық түсінген жоқ.
«Д. Қадырбаевтың адвокаттары сонымен қатар ФТБ агенттері тергеу барысында оның ағылшынша онша білмейтіндігін оған қарсы пайдаланған деп отыр», - делінген мақалада.
Дүйсенбі күнгі тыңдауларда Д. Қадырбаев аудармашының қызметін пайдаланды. Бұл ретте The Boston Globe газеті мұның алдындағы сот отырысында оған мұндай көмек керек болмаған деп жазады.
Еске салсақ, Массачусетс университетіндегі екі қазақстандық студентті - Азамат Тажаяқов пен Диас Қадырбаевты - 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостонда өткен марафондағы терактіні ұйымдастыру бойынша күдікті ағайынды Царнаевтардың кішісі- Джохармен байланысы бар деген күдікпен ұстаған.
Кейін белгілі болғандай, қазақстандық студенттер АҚШ виза тәртібін бұзған және жағдай толық шешілгенге дейін қамауға алынған.
2013 жылдың мамырында екі студентке де айғақтарды жою арқылы тергеу жұмыстарына кедергі келтірген деген қылмыстық айып тағылған. Аталмыш айып бойынша оларды 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Ал А.Тажаяқов пен Д.Қадырбаев болса өз кінәларын мойындамай отыр.
15 қаңтарда Бостонда Джохар Царнаевтың ісі бойынша заттай айғақтарды жасырған деп айыпталған қазақстандық студенттер Азамат Тажаяқов пен Диас Қадырбаевтың қатысуымен кезекті сот алдындағы тыңдаулар өтті.
Тыңдаулар қорытындысында аталған іс бойынша алқа билерінің сот отырысы 2014 жылы 23 маусымда өтетіндігі туралы шешім қабылданды.
Дереккөз: ҚазТАГ