«Самұрық-Қазына» компаниясының директорлар кеңесінен шенеуніктер шығарылады деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының трансформациялау бағдарламасы талқыланған отырыста компанияның басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.
«Директорлар кеңесін реформалау керек, оның мүшелерінің санын, кәсібилігін арттыру керек. Директорлар кеңесінің көп бөлігін тәуелсіз директорлар құрауы тиіс. Біз біртіндеп директорлар кеңесінің құрамынан шенеуніктерді шығаруымыз қажет», - деді Шөкеев.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының трансформациялау бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатыр. Ол бизнесті жүргізу мен мемлекеттік активтерді басқаруды мүлде жаңа деңгейге көтеруді, еншілес компаниялар жұмысын озық әлемдік стандарттарға сай дәрежеге жеткізуді қарастырады.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.