«Алматының ірі қаржы орталығы екендігін ескерген қаскүнемдер, осы жерде пайдаға кенелуді ойластырады. Олар банкте немесе ақша айырбастау пункттерінде болған адамдарға, іздерін аңдып отырып, тұрғын үйлердің аулаларында немесе тар көшелерде сәтін тауып шабуыл жасап отырған. Талай шабуыл тапа-тал түсте орын алған», - деді өз сөзінде Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Шабуылдардың бірі кісі өлімімен аяқталған. 2012 жылы қараша айында Алматы қаласының Алмалы ауданында қылмыскерлер 32 жастағы ер азаматқа шабуыл жасайды. Жәбірленуші соның алдында ғана екінші дәрежелі банктен шыққан екен. Шабуыл нәтижесінде қылмыскерлер 1 миллион 287 мың теңгені жымқырып кетеді.
Іздеу жарияланғандар«Қылмыскерлер жәбірленушіні аяусыз ұрып соққан. Ол ауруханалардың бірінің жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін 10 күн бойы күрескен. Ал тағы бір оқиға барысында қылмыскерлер кәсіпкер әйелді ұрлап әкеткен. Сөйтіп, қаланың сыртына шығарып, пәтерінің кілтін тартып алып, ол жерден жалпы сомасы бір жарым миллион теңге болатын бұйымдарды ұрлап кеткен. ІІД құрылған арнайы тергеу-жедел тобы көптеген шұғыл шаралардың нәтижесінде осы ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшесінің аты-жөндерін анықтады. Әзірге олардың тоғызы ұсталып, қамауға алынды. Тағы екі адамға іздеу жарияланды. Оларды ұстау енді уақыт еншісінде. Ұсталған адамдардың процессуалдық жолдармен тағы 10 қылмысқа қатысы барлығы дәлелденді», - деп қорытындылады өз сөзін Салтанат Әзірбек.
ІІД тергеу басқармасындағылар ұсталған адамдардың қылмыстық әрекеттері ҚР Қылмыстық Кодексінің бірнеше бабының нормалары бойынша сараланатындығын (178, 179, 96 бб.) жеткізді. Одан басқа, фигуранттарға таяуда ҚР ҚК 235-бабында қаралған қылмыс бойынша да айып тағылды.
Бұл қылмыстық топтың әрекеттерінен зардап шеккендердің саны көп болуы мүмкін. Сондықтан ұсталған адамдардың суреттері ашық жарияланып отыр. Егер солардың арасынан өзін жәбірлегендерді таныған адамдар болса, мына телефондарға хабарласуларына болады: 298-50-37; 254-40-18
Дереккөз: ҚазАқпарат