Рудныйлық Владимир Радченко қалай қала шетіндегі бұзылған ғимараттан 7 жасар Виктория Ганяның денесін іздеп тапқанын айтып берді, деп жазады Наша газета басылымы.
Владимир Радченко марқұм Викторияның анасына қала шетіндегі ескі үйлерді бақылап тұрған бейнекамералардың жазбасын алу керектігін айтқан.
Викторияның анасы Марияға бейнежазбалар берілген соң, олар мұқият қарап, 24 сәуір күні 16:01-де ер адамның қызды жартылай бұзылған ғимаратқа ертіп апара жатқанын көрген. Ол жерде бұған дейін қыздың орамалы табылған болатын.
Осыдан кейін ерікті осы төңіректі мұқият тексеріп, адам қолымен жиналып, бейне бір нәрсенің бетін жауып, жасырып қойғандай мұқият тізілген кірпіштерді табады. Кідірмей аршып қараса, астынан қыздың денесі шыққан. Ол бірден Ганяның анасына қоңырау шалып, артынша полиция шақырған.
Естеріңізге сала кетейік, 24 сәуір күні белгісіз ер адам ертіп кеткеннен қайта табылмаған қыз баланы іздестіру жұмыстарына 26 сәуір күні ерікті іздеушілер де қосылған болатын.