Президенттің айтуынша, қазіргі экономикалық тұрақсыздық жағдайында дамушы елдерден дамыған мемлекеттерге ағылатын капиталдың көлемі артады деген болжам бар. Соның салдарынан дамушы елдердегі инвестициялар 50 пайызға дейін азаюы әбден мүмкін. "Оған қоса, кедейлер мен байлардың өмір сүру деңгейлері бір-бірінен алшақтап барады. Ондай жағдай әлеуметтік шиеленістерді күшейтіп отыр. Халықаралық зерттеуге сәйкес, 2014 жылда әлемдік мәселелердің тізімінде кедейлер мен байлардың теңсіздігі үшінші маңызды проблемаға айналды. Ол Еуропа елдеріне де тән", - дейді Н.Назарбаев. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сәйкес, өткен жылы 200 миллион жұмыссыздардың қатарына тағы 5 миллион адам қосылды.
"Қазіргі жағдайда қарапайым халықтың әл-ауқатын ұмытпау қажет. Бүгін әлем бойынша 1,5 миллиардқа жуық адам күніне бір-ақ долларға өмір сүреді. Ал шамамен 2,5 миллиард адам бір күнде 2 доллардан да аз ақша алады. Бұл - жер-жаһандағы халықтардың 40 пайызы. Африка мен Азияның көптеген елдері осындай проблемаға тап болып отыр. Ал оны күнделікті норма ретінде қабылдаудың кесірінен мемлекеттерді, тұтас бір аймақтарды тығырыққа тіреп жатады", - деді Мемлекет басшысы. Президенттің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда жер шары тұрғындарының тек 1-ақ пайызы ғана әлем байлықтарының 40 пайызына иелік етуде. 3-ақ пайызын адамзаттың 70 пайызы игеріп отыр. "Бұндай жағдай жаһандық дамуға кедергі болып, болашақта үлкен әлеуметтік қарама-қайшылықтарға жол ашып беруі әбден мүмкін. Көрші елдерде сан алуан шиеленістер болып жатқанда, жай отыра беруге болмайды. Себебі алауыздықтың өрті кез келген мемлекетке жетуі мүмкін", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Осы орайда Президент Азия мен Африканың кедей елдеріндегі адам капиталын дамытуға арналған "жол картасын" іске асыру қажеттігін жеткізді. Ал, ең бастысы, экономиканы саясаттан барынша ажыратып жүргізген жөн. "Бүгін мен Нобель сыйлығының иегерлерімен кездестім. Сонда Мұхаммед Юнус мырза айтты. Қазіргі банктер бай мемлекеттер үшін жұмыс істеп жатыр. Сондықтан кедейлер мәселесіне көңіл бөліп, шағын несиелер беру, әсіресе, әйелдерге, сондай-ақ жастарды жұмысқа тұрғызу мәселесі - біз үшін маңызды мәселелердің бірі", - деді Елбасы.
Дерекөз: tengrinews.kz