©uralpress.ruАлдағы уақытта көшеде қайыр сұрайтындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Саиновқа сілтеме жасап.
"Қазір бізде қайыр сұрағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жоқ. Алайда Әкімшілік кодекстің жаңа нұсқасына ондай норма енді. Енді, біз осы салада тәртіп орнатамыз деп ойлаймын", - деді С.Саинов бүгін Парламент Мәжілісіндегі көші-қон саясатына арналған пікірталаста. Оның бұл сөзіне депутат Әсима Бимендинаның сауалы түрткі болды.
"Серік Саинұлы, неге қала көшелерінде, әсіресе, Уәлиханов көшесі мен мешіт жақта қайыр сұрайтын балалар қаптап жүр. Сонда қалай? Бізде білім беру саласы мен арнайы органдар арасында нақты бір байланыс жоқ па? Кім қайдан келді? Олардың аты-жөндері тіркелмей ме?", - деп сұрады Ә.Бимендина.
С.Саиновтың сөзіне қарағанда, Астана көшелерінде, көбінесе, Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары қайыр сұрап жүреді. Олардың ұлты - "люли". "Жалпы, олар жеке жұмыстарымен кіргендей болады да, Қазақстанда ары кетсе, 2 айдай жүре алады. Олардың көші-қон құжаттарында бірге келген балалары туралы ақпарат та жазылады", - дейді департамент бастығы.
Дереккөз: tengrinews.kz