АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтаулық полицейлер 8 жастағы балаға оқ атқан адам туралы қандай да бір ақпарат білетіндерге қомақты қаржылай сыйлық тағайындап отыр.
Дүйсенбі күні үйінің маңында жүрген ойын баласына әлдебіреу оқ атқан болатын. Өкпесінен ауыр жараланған Асылбек қазір ауруханада жатыр. «Беті бері қарады», - дейді дәрігерлер. Ал оқ пневматикалық тапаншадан атылған деген болжам бар.
Қылмыстық іс қозғалды, баллистикалық сараптама жүргізілгенімен, қаскөй әзірге ұсталар емес. Тіпті, куәгерлер де жоқ. Енді полицейлер күдікті туралы нақты ақпарат берген тұрғынға ақшалай сыйақы тағайындап отыр, деп хабарлайды КТК.
«Кімде-кім полиция қызметкерлеріне осы оқиғаға қатысты қандай да бір мәлімет беретін болса, ол хабарлаушы міндетті түрде құпия сақталады. Әрі оған үлкен көлемде қаржылай сыйақы беріледі», - деді Маңғыстау облыстық ІІД өкілі Әлия Шоймағамбетова.
Дереккөз: inform.kz