Атырау, 25 қараша 06:31
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қаржы полициясы генералының қызы Қарағандыдағы жол апаты кезінде көлік жүргізбеген

2 021 просмотра
Қаржы полициясы генералының қызы Меруерт Шабақбаева Қарағандыдағы жол апаты кезінде көлікті басқармаған - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қарағанды облыстық ІІД Анықтау басқармасының бастығы Қанат Ысқақовқа сілтеме жасап. Айта кетейік, осы апаттың салдарынан екі адам қаза болған еді.

Қанат Ысқақовтың айтуына қарағанда, 24 жастағы қыз көлік оқиғасы кезінде жолаушылар орындығында отырыпты, тіпті оны апаттың екі куәгері де растаған. Көліктер соқтығысқаннан кейін оқиғаның басы-қасында болғандар оны көліктен шығарып алады. Ал жүргізуші көлікте қысылып қалып, алған жарақатынан сол жерде қайтыс болған. Сонымен бірге Шабақбаеваның апат кезінде көлік басқармағанын Жедел басқару орталығынан түсірілген бейнетаспа да дәлелдейді. Осы көлік апатынан кейін ол ауруханаға түсіп, жансақтау бөлімінде жатыр.    

Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Жаңатай Сембековтың берген мәліметіне қарағанда, Меруерт Шабақбаева отырған Subaru автокөлігі "Нива" көлігімен соқтығысып, екі жүргізуші де сол жерде қайтыс болған. Енді осы жол көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Еске сала кетейік, мұның алдында жергілікті БАҚ құралдары қаржы полициясы генералының қызы көлік апаты кезінде Subaru автокөлігін өзі жүргізді деген ақпарат таратқан болатын. Тіпті "Нива" көлігінің жүргізушісі Евгений Токмаковтың туыстары Меруерт Шабақбаева көлікті басқара алмай, соның салдарынан көлік апаты болды дейді.

Дереккөз: tengrinews.kz

 

15 мамыр 2014, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.