Қазақтандықтардың көпшілігі Түркияға емделуге барадыБылтыр 8 мыңға жуық қазақстандық Анадолы елінде емделіпті. Түрік медициналық туризм қауымдастығының Қазақстандағы ресми өкілі Халида Садықова осылай деп мәлімдеді деп хабарлайды Теngrinews.kz тілшісі.
2010 жылы бұл меже мың адамнан аспайтын.
"Қазіргі уақытта Түркия емделу үшін баратын елге айналды. Екі жыл бұрын ол жаққа айына үш-бес мың орыстілді науқас барып емделсе, қазір бұл көрсеткіш он мың адамнан асып жығылады. Елімізден былтыр Түркияға 7843 адам ем іздеп барған. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 4 мың адамға жетпеген болатын. Түркияда медициналық туризм саласының жоғары өрлеуіне сол елдің Үкіметінің қабылдаған бағдарламалары мен медицина саласына тартылған инвестициялары септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар, еуропалық сападағы түрік емханаларындағы медициналық көмек көрсету бағасы еуропадағы ауруханалармен салыстырғанда біршама төмен", - дейді Х.Садықова.
Түркияда емделетіндердің көбі пластикалық хирургия, репродуктивті технология, стоматология, офтальмология, онкология мен нейрохирургия саласының мамандарына жүгінеді екен. Сырқаттардың 32 пайызы қатерлі ісікке шалдыққандар екені анықталған.
Халида Садықованың айтуынша, Түркияның медициналық секторына 2004 жылдан бері 30 млрд. доллар инвестиция тартылған.
Дереккөз: tengrinews.kz