Басылымның мәлімдеуінше, Храпунов пен оның отбасына қатысты шағымды "Қазақстандағы ең ірі қала - Алматы" түсірген. Экс-шенеунікке қалаға тиесілі жылжымайтын мүліктерді сатудан 300 миллион доллардан астам қаржыны жымқырды деген айып тағылып отыр. Басылым сондай-ақ, бұрынғы әкім әлгі қаржыға Калифорния мен Нью-Йорк қаласы, Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінде кәсіпорындар, виллалар, автокөліктер мен активтер сатып алды деп мәлімдеп отыр.
Дереккөз сотқа шағымданушы жақ айыпталушының есеп-шоттарын жауып, заңсыз жолмен табылған қаржынының барлығын Алматының қазынасына қайтару керектігін мәлімдеген.
"Кезінде Храпунов өзінің қызмет бабын асыра пайдаланып, Қазақстан халқының миллиондаған қаржысын қолды етіп, заңсыз жиған қаржыны шетел асырып жіберіп отырған. Сол себепті біз, АҚШ-тың заңсыз ақшаларды жасыратын ел ретінде қалғысы келмейтінін қалаймыз",- шағымданушының атынан сөйлеген заңгер Дэвид Шиндлер.
Шағымданушының талабы бойынша, Лос-Анжелестегі сот алдында Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйләмен бірге экс-әкімнің асырап алған қызы Эльвираның күйеуі Дмитрии Кудряшов пен асыранды ұлы Ильястың жұбайы - Мадина Аблязова да жауап беретін болады.
Айта кетейік, Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, сотқа түскен шағым туралы ақпарат дәл қазіргі уақытта жан-жақты тексерілу үстінде.
Еске саламыз, Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйлә Храпунова қатысты Қазақстанда ұзын саны 24 қылмыстық іс қозғалып, қызмет бабын асыра пайдаланды, алаяқтық жолмен бюджет қаржысын жымқырды, заңсыз жекешелендіру жүргізді, заңсыз кірістерді заңдастырып алды, пара алды, ұйымдасқан қылмыстық топты құрды және оларға жетекшілік етті деген айып тағылған болатын. 2008 жылы сәуір айында ол қазір отбасымен тұрып жатқан Швейцарияға қоныс аударған болатын. Ал 2012 жылы қазанда Виктор Храпуновтың әйелі - Ләйләға ірі көлемді алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеу жарияланған еді.
Дереккөз: tengrinews.kz