Атырау, 25 қараша 06:51
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жол қозғалысы ережесін бұзғандардың айыппұлын көбейту зардап шегетіндердің санын азайтады - ІІМ

3 754 просмотра
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті жол қозғалысы ережесін бұзғандардың айыппұлын көтеру қажеттігін тағы да бір дәлелдеуді ұйғарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Комитеттің мәлімдеуінше, еліміздің заңнамасындағы жол қозғалысы қауіпсіздігі саласына қатысты өзгерістер жолдардағы жағдайды тұрақтандырып, жол-көлік оқиғалары мен олардан зардап шегетіндердің санын азайтады және жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық сауатын арттыратын болады.

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, 2012-2013 жылдар аралығында Қазақстанда Жол қозғалысы ережелерінің (бұдан әрі – ЖҚЕ) бұзылуы күрт өсіп кеткені байқалған, ол өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының (бұдан әрі – ЖКО), одан қайтыс болғандар мен зардап шеккен азаматтар санының бірнеше есе өсуіне себепші болған. 2013 жылдың өзінде бақылау-өлшеу техникалық құралдары түсіріп, тіркеген ЖҚЕ-ны бұзу көлемі шамамен 90 пайызға дейін өскен, сондай-ақ оқиғалар 65 пайызға, одан жарақат алғандар саны 71 пайызға артқан.

Аталмыш комитет хабарлағандай, жалпы ЖКО-ның 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен, 600-ге жуық оқиға мас күйінде көлік жүргізген азаматтардың кінәсінен болған. Әрбір төртінші ЖКО қозғалыстың жылдамдық режимін сақтамау салдарынан орын алған. Өткен жылы ЖКО-ның шамамен 30 пайыздан астамы жолдың қарсы бағытына шығып кетуден болған.

Комитет мамандарының мәлімдеуінше, жол қозғалысына қатысушылардың негізінен қаза тауып және зардап шегу фактілері бойынша үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап құқық бұзушылықтың 8 құрамы бойынша айыппұл санкциялары өскен. Автокөліктерді мас күйінде жүргізгендігі үшін жауапкершілік күшейтіледі. Жүру жылдамдығын асырғандығы, қиылыстарда немесе жолдың кесіп өту бөлігінде жүру ережесін бұзғандығы, оңтайландыру ережесін, автокөліктің жолдың жүру бөлігінде, қарсы бағыт немесе басып озу, тоқтау немесе көлік тұрағында жол жүру ережелеріне сай емес тұрғандығы үшін, сондай-ақ көлік жүргізу кезінде телефон немесе радиостанцияны пайдаланғаны үшін айыппұлдар көлемі өсті.

Жолдың қарсы бағытына шығып кеткендігі, сондай-ақ полиция қызметкерінің автокөлікті тоқтату жөніндегі заңды талабын орындамағаны үшін автокөлік құралын жүргізу куәлігінен айыру енгізілді. Бұдан бұрын хабарланғандай, жаңа заңнамаға сәйкес, айыппұлдар 1,5-2 есеге, тіпті кейбір бап бойынша 3 есеге дейін көтерілген.

Айыппұлдардың көлемін белгілеу аясында жол апаттары аз болатын елдердің халықаралық тәжірибесі ескерілген. Комитет мамандарының мәліметінше, ЖЖЕ-ні бұзғаны үшін ең жоғары айыппұл Финляндия мен Швейцарияда, аталған елдердегі айыппұл көлеміне шек қойылмаған және бұзушының жылдық кірісіне байланысты есептеледі. Финляндияда ең аз айыппұл жылдамдық режимін сақтамағаны үшін бір жарым мың евроны құрайды (379 мың теңге), бағдаршамда "қызыл" жанып тұрғанда жүргені үшін - 90 евро (шамамен 23 мың теңге), қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін - 135 евро (34 мың теңге).

Мұндай айыппұлдар Францияда да қолданылады. Ал Италияда жүру жылдамдығын асырғаны үшін - 750 евродан 3119 евроға дейін (190 мыңнан 790 мың теңгеге дейін), реттеушінің немесе бағдаршамның тыйым салынатын белгісіне бағынбай жүргендігі үшін - 90 евро (22 770 теңге), қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін - 75-300 евро (19 – 76 мың теңге). Жапонияда жылдамдықты асырғандығы үшін ең аз айыппұл көлемі 800 доллар (145 мың теңге), реттеушінің немесе бағдаршамның тыйым салынатын белгісіне бағынбай жүргендігі үшін – шамамен 420 доллар (76 мың теңгеден астам), тұрақ ережесін бұзғандығы үшін – шамамен 830 доллар (151 мың теңге), қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін - 450 доллар (82 мың теңгеден астам). Ал АҚШ-та жылдамдықты асырған үшін ең аз айыппұл сомасы 500 доллар (91 мың теңге). ІІМ порталында қазіргі таңда жол жүру ережелері бойынша орын алған құқық бұзушылықтар үшін төленетін айыппұлдардың кестесі жарияланған.

Дереккөз: tengrinews.kz

 

13 мамыр 2014, 09:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.