Бүгін Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында қорғаныс миинстрінің орынбасары Бағдат Майкеевтің ісі бойынша алдын-ала тыңдау басталды.
Сот процесіне төрағалық етуші судья Асқар Қайыров процесске қатысушылармен жекеше түрде аз-кем кеңесіп, алдын-ала тыңдау 15 мамыр күні жалғасатынын хабарлады.Генерал Бағдат Майкеевтің ісі бойынша тағы үш адам істі болған. Бірақ адвокаттары мен туыстары журналистермен сөйлесуден бас тартып отырғандықтан, олардың аты-жөні әзірге белгісіз.
Айып тағылғандардың барлығы Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Сол жерден оларды сот залына жабық автокөлікпен әкелді.
Бағдат Майкеевті 9 ақпан күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған еді. Прокуратура оған "аса ірі көлемде пара алған" деген айып тағып отыр.
Бұған дейін ақпарат құралдары генерал Майкеев басқа да ірі коррупциялық қылмыстар бойынша айыпталғанын хабарлаған еді. Ұсталғаннан бері Астанадағы ҰҚК изоляторында қамауда отырған Майкеев Алматыға таяуда жеткізілген.
Дереккөз: Азаттық радиосы