Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Отан қорғаушылар" монументіне гүл шоқтарын қою салтанатында еліміздің халқын Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Мемлекет басшының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жеңіс күні – ұлы мереке. Әкелеріміз бен аталарымыздың арқасында біз бүгін ашық аспан астында өмір сүріп жатырмыз, қуатты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қараймыз. Қасиетті топырағымыздың бір миллион сегіз жүз мыңнан астам ұлдары мен қыздары сұрапыл соғыста шайқасты. Миллиондаған адамдар бәрін де майдан үшін, бәрін де жеңіс үшін жұмсап, бел шешпей еңбек етті", - деді Нұрсұлтан Назарбаев гүл шоқтарын қою салтанатында.
Мемлекет басшысы ардагерлер тек өздерінің жауынгерлік ерліктерімен ғана емес, өмірлік өнегелерімен де қымбат екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Жеңіс күнін достық, ерлік және бауырластық тәрізді ұлағатты ұғымдармен байланыстырып, әрдайым есте сақтауға шақырды.
"Оларды бағалап, құрметтей отыра, ардагерлерден ерлікті, еңбексүйгіштікті және бірлікке бекемдікті үйренген жөн. Келесі жылы Жеңістің 70 жылдығын бірге атап өту үшін олар қасымызда аман-сау жүрсін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өз сөзін түйіндей келе, ардагерлерге зор денсаулық, мол бақыт және еліміздің аспаны ашық болуын тіледі.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, салтанатты шараға соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік органдардың басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтардың рухына тағзым етуге жиналған елорда тұрғындары қатысты.
Елбасы Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметі үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен, Мәңгілік алау жанына Даңқ гүл тізбегін әкеліп қойды, содан соң бір минут үнсіздік жарияланды.
Қазақстан Президентінің – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының және ардагерлердің алдынан Мемлекеттік күзет қызметінің Құрметті қарауыл ротасы салтанатты маршпен сап түзеп өтті.