Бүгін қазақстандықтар Отан қорғаушылар күнін мерекелеуде. Астанада "Қазақ елі" алаңында әскери шеру өтеді. Шерудің салтанатты ашылуы сағат 10.00-ге жоспарланған.
Мерекелік іс-шараға шеру тобы, әскери техника, қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктерінің авиациясы, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Республикалық гвардиясы қатысады.
Биылғы әскери шерудің басты ерекшелігі біз онда отандық әскери-өндірістік зауыттарда құрастырылып, жаңғыртылған техникалар көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев 4 мамыр күні ОКҚ өткен брифингте осылай мәлім етті.
"Бұл бұған дейін болмаған. 2011 жылы біз елімізге, қоғамға шет елдерден, атап айтқанда Ресей мен Түркиядан, Израильден алынған әскери жүйелерді паш еткен болатынбыз. Ал биыл да бұндай жүйелер болады, дегенмен басты ерекшелік отандық өндірісте. Қазақстанның заманауи қорғаныс өнеркәсібі 350-ден астам танк, 40-тан астам БМП, 110-нан астам БТР-ды бізге ұсынып отыр. Олардың құрастырылымы толықтай қазақстандық зауытта жүзеге асты", - деді Мұрат Мәйкеев.
Оның айтуынша, қазақстандық әскери техниканың сапасы шетелден сатып алынатын техниканың озық үлгілерінен еш кем түспейді. Бұдан бөлек, әскери шеру барысында батыстық стандарттар бойынша жарақталған арнайы операция күштері де әскери салтанатты саппен жүріп өтетін болады. Әскери шеруге 2,5 мыңнан астам адам, 250 техника мен 75 әуе техникасы қатысады.
Айта кетейік, 1992 жылғы мамырдың 7-інде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күні ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды.
7-ші мамыр - Отан қорғаушылар күні Бас қолбасшы - Елбасы кезекті әскери шендер беру туралы Жарлыққа қол қойып, ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды.
2012 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасының Парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы" ережені қарап, қабылдаған болатын. Заңға сәйкес 7 мамыр мемлекеттік мереке болып жарияланды және демалыс күні саналады.
Дереккөз: NUR.KZ