Қашаған жобасына қатысты жақын арада жаңа операторлар пайда болуы мүмкін деп хабарлайды Tengrinew.kz тілшісі жобаның қазіргі операторы North Caspian Operating компаниясына (NCOC) сілтеме жасай отырып.
Tengrinews.kz таратып отырған ақпаратқа сүйенсек, бұдан былай Қашаған жобасын іске асыру үшін Agip (Аджип), NCOC (НКОК) және НКПОК компаниялары үштікке бірігуді жоспарлап отыр. Бұл ақпаратты NCOC компаниясы таратып отыр. Дегенмен, аталмыш ақпарат тұрғысында ресми мәлімдеме әлі жасалған жоқ.
Бұған қатысты мұнай-газ саласының сарапшы-маманы Сергей Смирнов, компаниялардың үштікке бірігуі жобаға қосымша өзгерістер әкелетінін айта келе "тәжірибе көрсетіп отырғандай қазірде нысан жұмыс істеп тұрған жоқ. Осыған байланысты компаниялар бірігуді ойластырып отыр. Демек оларға жекелеп қайсыбір мәселелерді шешу қиындау болуы да мүмкін" дейді.
Ал "Финам Менеджмент" компаниясының сарапшысы Дмитрий Баранов "әлемдік тұрғыда ірі жобаларға қатысты түрлі шешімдер қабылданып жатады. Әрине, бұл шешім жобаға біраз өзгерістер әкеліп, жобаға қатысушылардың өзіндік міндеттері де өзгеру мүмкін" дейді. Барановтың айтуынша, мұндай жағдайда жобаға қатысушылар өзара келісімге келе алса, артық шығынсыз және қысқа мерзімде жобаның жұмысын ілгерлетуге болады.
Өз кезегінде "Альпари" компаниясының сарапшысы Анна Кокорева Қашаған жобасына қатысты компаниялардың бірігіп, жаңа операторлардың пайда болуы туралы жоспар көптеген мәселелерден кейін туындағанын алға тартып отыр.
"Біріншіден, жобаның құны өсті. Мұның өзі осындай қадамға әкеліп отыр. Екіншіден, апатты жағдайлардың орын алуы мүмкін екендігі ескеріліп өнім өндіру ісі кейінге қалдырып келді. Мойындау керек, нысанның тұрған жері өте қиын. Сондықтан өнім алу қиынға соғып отыр. Әрине, бұл операторлардың ісін жеңілдетпейді. Техникалық жағдайларды есептемегенде аталмыш компанияларға біраз кем-кетіктерді шешумен айналысуға тура келеді" дейді ол.
Еске салайық, Қашаған мұнайын игеру 2013 жылдың 11 қыркүйегінде басталған болатын. Бірақ 24 қыркүйекте "Остров D" кенішінде және "Болашақ" зауытында газдың кеміп қалуына байланысты Қашағанды қазу ісі тоқтатылған болатын. Кейіннен жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 6 қазанда құбырлар қайта ашылды. Бірақ 9 қазанда жоспарлы тексеру барысында тағы да газдың кемгені анықталып, осыдан кейін кенішті қазу тағы да тоқтатылды.
Бұған дейін Қашаған жобасына қатысушы NCOC компаниясының кеніштегі құбырларды түгелдей ауыстыруды жоспарлап отырғандығы айтылған болатын. Осыған байланысты Қашағанды игеру жұмыстары тоқтатылып тұр. Қазіргі уақытта жобаға қатысты құбырларды толық ауыстыру жұмысы ойластырылуда.
Айта кету керек, Қашаған жобасын іске асыру мақсатында кеніште қазірде төмендегі компаниялар жұмыс істеуде. Біз аталмыш компаниялардың акция пакеттерінің үлесін қоса көрсетуді жөн көрдік:
NCOC және Agip компаниясы (акция пакеті 16,81%), KMG Kashagan B.V. (акция пакеті 16,88%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (акция пакеті16,81 %), Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (акция пакеті 7,56 %), Shell Kazakhstan Development B.V. (акция пакеті 16,81 %), Total EP Kazakhstan (16,81 %) және CNPC Kazakhstan B.V. (8,33 %).
Дереккөз: tengrinews.kz