Атырау, 25 қараша 04:56
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Алаяқтар Алматыда банктік есеп-шоттан $1 млн астам қолды еткен

1 900 просмотра

Алматыда банк салымшысының 1 108 500 долларын қолды еткен банк қызметкері ұсталды деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметінен.

«Бұл оқиға 2014 жылдың ақпан айында болған еді. Банк салымшысы өзінің ірі көлемдегі депозит салымы жоғалғанын айтып полицияға шағымданған болатын. Кейін белгілі болғандай, бұл алаяқтыққа сол кезде банк басшылығында отырған жандардың да қатысы бар болып шықты»,-делінген хабарламада.

«Тергеу барысында негізгі версия ретінде - банк қызметкерлерінің қатысы қарастырылды. Өйткені, мұндай құпия ақпаратты алу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Қылмыста негізінен 5 адам әрекет еткен. Банк бөлімінің бұрынғы басшысы өз танысы арқылы сенімді адамды тауып, «салымшының сенімді өкілі ретінде» шоттан ақшаны алғызып берген. Күмән тудырмас үшін олар әлгі адамның сырт келбетімен көп жұмыс істеп, сән салонына да кіргізгендігі анықталды. Ол - Павлодардан келген азамат болып шықты. Өз үлесін алған ол Павлодарға тайып тұрған. Ал, күдіктінің тағы бір танысы банк салымшысының телефоны өшіп тұруын қамтамасыз еткен. Банк қызметкерлері ақша шешу кезінде салымшымен хабарласып, сенімді өкілдің сенімділігіне көз жеткізе алмаған», - деді Алматы қалалық ІІД криминалды полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиадин.

Алмалы аудандық ІІБ басшысы Асқар Болатовтың айтуынша, қазір ұсталған азаматтардың бәрі жасаған қылмысын мойындауда. Қылмысты істің ең негізгі фигуранты - банктің бұрынғы қызметкері пәтерін жаңартып үлгерген екен. Басқалары жаңа автокөлік сатып алған екен. Аталған заттық айғақтар тәркіленіп, тергеу материалдарына кіргізілді.

Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА. 

30 сәуір 2014, 11:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.