Мама Роза сот алдында жауап беріп жатыр. Алматыда осындай лақап атпен аты шыққан жеңгетай қылмыстық топ құру, жезөкшелікке мәжбүрлеу баптары бойынша жазаға тартылуда. Онымен бірге айыпталушылар орындығын 7 сыбайласы отыр. Олардың ішінде полиция қызметкері, жеңіл жүрісті қыздарды клиентке дейін жеткізген жүргізушілер мен тапсырыс қабылдаған диспетчерлер бар. Тек қылмыстық топқа қолдау көрсетіп, ақысын алып отырған шенді полицей құрыққа түспей, қазірге дейін бостандықта жүр.
Жезөкшелерге жағдай жасап оларға тұрақты клиент тауып беретін «Мама Роза», «Марго» және Ольга Хамбулатова бір адам. Ол былтыр жазда қолға түсіп, ұзақ уақыт сыр бермей, үлкен табыс әкелген бизнесі әшкере болған еді. Қос диспетчер телефон арқылы клиенттерден тапсырыс алса, жүргізушілер жеңіл жүрісті қыздарды қажетті мекен-жайға жеткізіп салған. Қалада жиі ұйымдастырылатын алдын-алу шаралары жайлы Мама Роза бірінші болып хабардар болатын. Сөйтсе, Алмалы аудандық Ішкі істер бөлімі басшылығы онымен сыбайлас екен.
Ермек Қашағанов, Жетісу ауданы прокурорының көмекшісі:
–Хамбулатова қылмыстық топ мүшелерін іздеп, олардың нақты қызметтерін көрсеткен. Жезөкшелікпен айналысатын қыздарды қадағалап, ақшасын алып отырған. Ал полицияның қолына түскендерін таныстары арқылы тез-ақ босататын.
Тән бизнесінде бағалар да жүйеге келтіріліпті. Мәселен жүргізуші әр тасымалдау үшін 1000 теңге алса, клиенттер етегі қысқа қызбен оңаша қалған әр сағатына 15 мың теңге төлепті. Тұрақты тапсырыс берушілерге тіпті жеңілдіктер де қарастырылған екен. Ал осы топтағы пайдасы көп болған полицей – Серік Бегасилов айына 4 мың долларды қалтасына басып отырған. Тағы бір сақшы – Азат Ақылбек болса тағылған айыптың бірін де мойындамады. Ал өзгелері қылмыстарын ішінара мойындаса, біреуі ғана тағылған айыптың барлығымен келісті.
– Чилюк, тағылған айып түсінікті ме?
– Иә
- Мойындайсыз ба?
- Толығымен мойындаймын.
Алғашқы сот отырысында айыпталушылардың барлығынан жауап алынып куәгерлердің сөзі тыңдалуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі тыңдалым, сабаққа дайындалмай келген оқушылардың жиналысына ұқсас болды.
– Бүгін жауап беруге дайын емеспін. Келесі процесске дайындалып келейінші.
Сот тергеуінің ретін өзгертпеу үшін мамырдың 11-не дейін үзіліс жарияланды. Осы уақытқа дейін адвокаттар айыптау қорытындысымен танысып, ал айыпталушылар қойылған сұрақтарға сылтау емес, жауап қайтаруы тиіс.
– Ал бұған дейін де жеңгетайлық дерегі бойынша істі болған Ольга Хамбулатоваға қол ұшын созған Серік Бегасилевтің өзі айыпталушылар орындығынан табылмады. Оған қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалған. Шенді полицейге іздеу жарияланғанымен, қазірге дейін құрықтала қоймапты.
Дереккөз: КТК арнасы