Қазақстан Республикасының Үкіметі сейсенбідегі отырысында «Самұрық-Қазына» тобының жекешеленуге жататын, жекешелендіру бағдарламасы аясында бәсекелестік ортаға шығарылатын компаниялар тізімін бекітті деп хабарлайды ҰӘҚ баспасөз қызметі.
«Қазақстан Үкіметі мен «Самұрық-Қазына» АҚ соңғы айларда құрылымға кіретін 599 компанияны сүзгіден өткізіп, жеке секторға берілетін компанияларды анықтады. Бүгін Қордың жекешеленуге жататын компанияларының тізімін Үкімет мақұлдады. Компаниялардың басым бөлігі 2014 жылы ішінара немесе толықтай сатылатын болады», - деді Қаржы директоры-Басқарма мүшесі Нұрлан Рахметов.
Үкіметтің шешіміне сәйкес «Самұрық-Қазына» АҚ-дағы 106 компанияның түрлі үлесі сатылады. 2014-2016 жылдары Қордың 94 еншілес компаниясының акция пакеттері мен үлесі нарыққа шығарылмақ. Соның ішінде «Қазақстан темір жолы» АҚ құрылымындағы 28 компания, «Қазмұнайгаз» АҚ - 23, «Қазақстан инжиниринг» АҚ - 21, «Самұрық-Энерго» АҚ - 10, «ҚазАтомПром» АҚ - 7, «KEGOC» АҚ-дан 2 компания жартылай немесе толықтай сатылымға шығарылады. Сонымен қатар, «Майқайыңалтын» АҚ, «Ш.Чокин атындағы Қазақ энергетикалық ҒЗИ» АҚ, «ФН менеджмент» ЖШС («Самұрық-Қазына» АҚ құрамында) үлестері сатылады.
IPO мен SPO (құнды қағаздарды екінші қайтара орналастыру) аясында 2014 жылы «KEGOC» АҚ-ның 10% минус 1 акциясы, «Маңғыстау электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның 24% минус 1 акциясы, 2015 жылы – «Самұрық-Энерго» АҚ-ның 20-25% акциясы, 2016 жылы – «Қазақстан темір жолы» АҚ мен «ҚазАтом Пром» АҚ-ның 10% минус 1 акциясы сатылымға шығарылады. 2016 жылдан кейін «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның 8 компаниясы және «Қазмұнайгаз» АҚ-ның 4 компаниясы жартылай немесе толықтай сатуға шығарылады.
«Активтерді жекешелендіру ісі ашық жүргізіледі, біз активтердің жеке секторға сатылғаны туралы ақпараттарды толық әрі жүйелі түрде жариялап тұрамыз», - деді Н.Рахметов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Қазақстан Үкіметі «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірге 2014-2016 жылдары Жекешелендіру бағдарламасын жасаған болатын. Бағдарламаның іске асырылуы мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтады, ал жеке сектордың үлесінің артуы экономиканың іргесін нықтай түседі.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары