Өлі табылған Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдуллин басшылық тарабынан еш уақытта сөгіс алмаған.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.
БАҚ өкілінің өлген азаматтың басшылық тарабынан қандай да бір сөгіс алған ба деген сауалына министр «жоқ» деген жауабын берді. «Жоқ. Ол бұл қызметке өткен жылдың мамырында тағайындалған», - деді ол.
«Олар (қаржы полициясы - агенттік ескертпесі) оны ұстау бойынша операция жүргізді. Оны ұстап, тергеді. Одан кейін денсаулығының нашарлауына байланысты ауруханаға жеткізген. Ол жерде күзетпен қалдырған. Алайда ол ауруханадан кетіп қалған. Кеше оның мүрдесі табылды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізудеміз», - деген Қ.Қасымов арнайы прокурор да өз тергеу амалдарына кірісіп жатқандығын айтты.
Еске сала кетейік, өткен аптада А.Құбайдуллинді қаржы полициясы қолдан жасалған қара уылдырық пен 250 мың теңге түрінде пара алып жатқан сәтінде қолға түсірді. Тергеу кезінде оның қан қысымы көтеріліп, ауруханаға жеткізілген болатын, ол сол жерден қашып кетті.
АІІБ бастығына Қазақстанда аулауға мораторий жарияланған бекіре тұқымдас балықтармен айналысатын браконьерлікке қолдау көрсетті деген күдік келтірілуде.
Дереккөз: ҚазАқпарат