Шымкенттің түбінде АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі деп айыпталған әуе диспетчері Қанат Ақылбековке қоныстандыру колониясында алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Еске сала кетелік, АН-72 ұшағы 2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкенттің Сайрам ауданына құлаған. "Астана-Шымкент" бағытындағы әскери-тасымал ұшағында 27 адам болған - 7 экипаж мүшесі және 20 әскери қызметкер, олардың ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры, полковник Тұрғанбек Стамбеков, "Оңтүстік" шекара әскері басқармасының бастығы Павел Доценко, сонымен қатар "Қордай", "Сарыағаш" шекара отрядтарының жетекшілері болған. Апатқа ұшыраған ұшақтағылардың барлығы тіл тартпай кеткен. Әуе апатына Шымкент әуежайының дистпечері Қанат Ақылбеков кінәлі деп айыпталған еді.
Осы іс бойынша сот отырысы Шымкенттің Абай аудандық сотында 4 наурызда басталды.
«Қоныстандыру колониясында алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деп оқып шықты үкімді судья Сайдыбаттал Тоқбергенов.
Сотталғанға үш жыл ішінде әуе диспетчері қызметін атқаруға тыйым салынды, Ақылбеков сот залынан қамауға алынды.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.