Полиция қызметкерлері ұялы телефон жарылуынан зардап шеккен Ариана Айтжанның анасынан айғақ материалдарын алды, деп хабарлады nur.kz.
Ол сонымен бірге, егер тараптар бұл мәселені реттейтін болса, гаджет өндірушісіне қатысты талап-шағым бермейтінін атап көрсетті.
«Жоқ. Әзірге жоқ. Егер олар біздің мәселемізді реттейтін болса, онда талап-арыз бермейміз», - деп атап көрсетті қыздың анасы.
«Бізге полициядан келіп, болған оқиғаның айғақтары мен түсініктемелерді алып кетті. Мен бас тарту арызымды жаздым», - деді Әлия Қамзина.
Сонымен бірге, Қамзинаның айтуынша, Samsung өкілі жарылған телефонды сараптама өткізу үшін беру жөнінде өтініш жасағанын айтты.
«Компания барлығын өтеуге және емдеу ақысын төлеуге уәде берді», - деді ол.
Ариананың анасының айтуынша, қызы бірте-бірте тәуір болып келеді.
«Біз үшін бастысы - баламыздың денсаулығы және оның одан әрі оңалуы. Бүгін көңіл-күйі жақсы, бірақ та тәбеті шамалы. Дәрігер қозғалысты шектеуге, көп жүрмеуге кеңес берді. Қазір кішкене қалыпқа түсіп келе жатқандаймыз: оқимыз, жазамыз және сурет саламыз», - деді қыздың анасы.
Еске сала кетейік, 21 сәуірде жеті жасар Ариана Айтжан қалтасындағы "Samsung Galaxy S2" телефоны жарылуынан мықтап күйік алған болатын.
Сонымен бірге бейсенбі күні Samsung компаниясы болған оқиғаға байланысты егжей-тегжейлі тексеру жүргізетінін хабарлады.
Дереккөз: ҚазАқпарат