Аудандық сот, әзірге оларға қолхат бойынша ешқайда шықпау жөніндегі жаза берген. Тергеу барысында бөгеттің жарылып, қайғылы оқиғаға алып келуі әкім мен төтенше жағдайлар басқармасы басшысының өз қызметтерін қажетті деңгейде атқармағанынан болғаны анықталған.
Бес адам бақилық болған Көкпектідегі қайғылы оқиғаға байланысты Көкпекті ауылдық округының әкімі мен Бұқар жырау аудандық Төтенше жағдайлар бойынша басқарма бастығы жауапқа тартылатын болды. «Салғырттық», «міндетіне адал қарамау», «қауіпсіздік ережелерін бұзу» баптары бойынша басшылар «кінәлі» деп айыпталуда. Бүгінде, іске қатысты бірнеше сараптама тағайындалған. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, әр қайсысы бес жылдан алты жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Қазіргі таңда тергеу амалдары жария емес түрде жүргізілуде. Әзірге жауапты тұлғалардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғаны ғана белгілі.
«Сараптама қорытындысы шыққан жоқ әлі. Тексерістер, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Көкпекті ауылы тұрғындарының арыздары тексерілуде», - дейді Қарағанды облыстық прокурорының қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатысында заңдылық сақталуын қадағалау жөніндегі көмекшісі Алмас Абдакасов.
Ал Көкпекті әкімі кінәлі еместігін мамандарынан айтып жіберіпті. Әкімшілік қызметкерлері тағылған айыппен мүлдем келіспейді. Айтуларынша, қайғылы оқиға болатын күні ауыл әкімі тұрғындарға апат жайлы кешкі сағат алтыдан бастап хабарлаған. Болары болып, бояуы сіңген соң ғана ауыл әкімі қолымыздан келгенін барлығын жасадық деп ақталды. Тіпті, судың 1,5 метрге дейін көтерілгенін көрген әкімшіліктегілер адамдарды үйлерінен күшпен шығардық дегеннен таймады.
«Мен біздің ауыл әкіміне тағылған айыпты орынсыз деп санаймын. Ол мүмкін емес. Себебі, апат болатын күні әкім бізге сағат алты болмай звондап, барлық тұрғындарды үйлерінен шығарыңдар деп айтқан», - дейді Көкпекті ауылы әкімшілігінің маманы Әлия Жолдаспаева.
Ал жақындарынан көз жазып, баспанасыз қалған халық бөгетке қатысты мүдделі ұйымдарға кінә артуда. Олар «алдын - ала ауа райы болжамымен санасып, қадағаласа қайғылы жағдай болмас еді», -деп ашынады. Ызаға басқан халық қайтсе де, бес адамның өлімі мен 271 нысанды қиратқан бөгеттің жарылуына себепшілердің жауапқа тартылғанын қалайды.
Қалай болғанда да, Көкпекті қайғысына кінәлі тұлғалардың заң алдында жауап беретініне жұрт сенімді.
Дереккөз: bnews.kz