2013 жылдың 22 қазанында "Темірбанк" АҚ ғимаратынан 37 млн 200 мың теңге ұрланды. Жарты жылдан кейін тергеу барысында қылмысты банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері мен оның сыбайласы орындағаны анықталды.
Бұл туралы BNews.kz Алматы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Алматы ІІД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадиннің айтуынша, жедел қызметкерлер дереу қылмыскерлердің касса ғимаратына кіру жолын анықтаған.
Қылмысты орындаушылар ғимаратқа терезе ақылы кірген болып шықты, терезенің торын алдын ала кесіп, дайындап қойыпты.
Кейіннен жедел қызметкерлер 1977 жылы туған банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері мен оның 32 жастағы сыбайласының қылмысын әшкере етті. Екеуі де Жамбыл облысы Шу ауданында туған.
"Негізгі күдіктіні біз Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында ұстадық. Ол ұрланған ақшаның бір бөлігін жұмсап үлгеріпті. Қалған бөлігі тәркіленіп, қылмыстық іс материалына қоса тіркелді. Күдіктілер айыбын мойындап отыр. Қылмыстық іс қозғалды", - деп толықтырды Зиадин.
Дереккөз: BNews