Астана. 15 сәуір. ҚазТАГ – Ерболат Досаев «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» компаниясының мұнай өндіру алдағы екі жылға дейін тоқтатылған Қашаған кен орнына ақауы бар құбырлардың жеткізілуіне және дәнекерлеу жұмыстарына қатысы бар екенін жоққа шығарды.
«17 сәуірде бас инвесторлардың 2014 жыл ішінде жүргізілуі қажет жұмыстар жөнінде кездесуі өтеді. Олар бізге нені ауыстыру керек, нені қалдыру қажеттігі туралы нақты жоспар ұсынады. Ал егер «ЕРСАЙ Каспиан Контракторға» келетін болсақ, ол жұмыстарға (Қашағандағы – ҚазТАГ) қатысты, алайда дәнекерлеу жұмыстары мен құбырларды жеткізу мәселелеріне қатысы болған жоқ. Сондықтан да мен бұл сұрақты бір рет қана қойылғанын қалаймын және бұдан кейін бұл сауалға қайта оралмауларыңызды сұраймын», - деді Қазақстанның экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев өткен дүйсенбіде орталық коммуникация қызметінде болған брифингте.
Бұл жерде бизнес әріптесі және үкіметтегі жұмыстасы – Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрі Нұрлан Қаппаровпен бірге иелік ететін компанияларының оқиғаға қатыстығын толықтай жоққа шығарып отырғандары көрініп тұр. Ал біздің мәліметтеріміз бойынша, бұл компанияның кен орнындағы апатты жағдайға тікелей қатысы бар. Егер министрлер үшін тікелей қойылған жауаптан қашу – шенін қорғау болса, біз үшін шындықты іздеу – кәсіби қағидатымыз.
Сондықтан да біздің агенттік бес күн бұрын «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» басшылығына өндірістің сапасыз құбырлар себебінен тоқтатылуына байланысты нақты сұрақтар жазылған ресми сұраныс жіберді. Бас директордың орынбасары Ян Чанның қолымен келген жауап тез келді.
Хат үш-ақ абзацтан тұрады. Біріншісінде компания құбыр жеткізушісі еместігі жазылған. Екіншіде құзіретті тараптарға хабарласып, ақпарат көздерін дұрыстап тексеруге ұсыныс беріп, соңғысында өз мүдделері мен іскерлік беделдерін қорғау туралы ескерту жасалған. Редакция дәл осылай жасады. Ақпарат көздерімізді кері тексеріп, құзіретті органдарға хабарластық. Бұған біздің әріптестеріміз көмек қолдарын созды.
«Ақ Жайық» газетінің редакциясы өз сұраныстарына Қашаған жобасы операторының баспасөз қызметінен келесідей жауап алды. Хабарламада NCOC-тің Қашаған құбыр желісінде қолданған темір маркасы, құбырларды жеткізген, орнату және дәнекерлеу жұмыстарымен айналысқан компаниялардың атауы көрсетілген.
Жауапты келтірейік: «Темірдің құрамы Х60 спецификасына сәйкес келеді. Құбырларды түрлі компаниялар жеткізді, ішінде Sumitomo компаниясы да бар. Құбыр желісін орнату және дәнекерлеу жұмыстарын Saipem компаниясы («Lancaster Group бөлімшесі - ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» және итальяндық Saipem компаниясы кіретін бірлескен кәсіпорын) жүргізді».
Енді «Курсив» іскерлік апталығы жүргізген журналистік зерттеуге жүгінейік. Редакцияның қолына жергілікті экологтар мен құзіретті орган - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің арқасында пайда болған «Тексеру актісі» түсіпті.
Ол құжатта «...тексеру барысында жарығы бар 63 орын анықталды. Соңғы жарықтарды британ мамандары тапты. Компания бұлар туралы білмеген де екен. Тексеру кезінде 32 жарықтың 29-ы дәнекерлеу қосылыстарында пайда болған. Дәнекерлеу жұмыстарын жобаның бас мердігері итальяндық Saipem компаниясы мен оның мердігері «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» жүргізді» деп көрсетілген.
Тексерушілер құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде мердігерлер жіберген жауапсыздық мен әдейі жасалған салақтық туралы мәлімдеді. Апталық журналистері осы тексеру актісін маманға - «ҚазТрансОйл» компаниясы бөлімшелері бірінің бастығына көрсетті. «Егер мен осындай құбыр желісін салсам, мені бірден тұтқындайтын болар», - деп шошыды ол.
17 сәуірде Астанада осы ғасыр жобасы – Қашаған кен орнына қатысы барлардың барлығы жиналады. Мүмкін олар осы жиында кеткен шығындарды анықтап, Қазақстаннан коммерциялық өндіруді кейін шегеруге тағы да рұқсат сұрайтын шығар. Шетелдік инвесторларының Каспий жағалауынан кете қоюы екіталай болар – мұнай ойынына өте үлкен бәйге тігіліп отыр. Қашағандағы апатты жағдайды зерттеудің қорытындыларын күтпей-ақ, жаңа құбырларды жеткізу мен орнатуға тендердің жарияланып үлгергені бұған айғақ болса керек…
Дереккөз: КазТАГ