Атырау, 25 қараша 02:44
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Қорғас ісі» бойынша айыпталғандар 5 жылдан 17 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды

2 611 просмотра

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда мамандандырылған ауданаралық соттың қылмыстық іс бойынша судьясы Советхан Сәкенов «Қорғас» кедендік бекеті арқылы қытайлық тауарларды жасырын өткізу әрекеттеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сот  үкімін жариялады.

Қылмыстық іс бойынша 45 адамға айып тағылғаны белгілі. Олардың ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде және кедендік органдарда жетекшілік қызметтер атқарғандар да болды.

 «Қорғастық ұйымдасқан қылмыстық топтың» жетекшісі Талғат Қайырбаев 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол енді жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Ал оның көмекшісі Бақыт Отарбаев  13 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол да жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Бір айта кететін жәйт, прокурорлар басты қылмыскерлерге 12 жыл беруді сұраған болатын.

 «Қорғас» кедендік бекетінің бұрынғы бастығы Бақытжан Айдаров енді алдағы 5,5 жылын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өткізетін болады. Ал Алматы облысының кедендік бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаевқа қарсы қатаң үкім шығарылды - 14 жыл қатаң тәртіптегі колония.

 «Алатау-ЦТО», яғни Алатау Орталық кедендік рәсімдеу бекетінің бұрынғы жетекшісі Михаил Войтович 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал «Қалжат» кедендік бекетінің бастығы Миндолла Үмбетқалиев 9 жылға сотталды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Бақытбек Құрманәлиев 16 жылды арқалады. Оның Ұлттық Қауіпсіздік комитетіндегі басқа әріптестері Ерлан Әбдірахманов пен Талғат Жақаев алдағы 17 жыл өмірлерін қатаң тәртіптегі колонияда өткізетін болады.

 Сот жоғарыда аталған тұлғалардың мүліктерін тәркіледі және әр түрлі мерзімге сыртқы экономикалық салада кәсіпкерлікпен айналысу және мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырды. ҰҚК мен кедендік органдардың бұрынғы қызметкерлері әскери және басқа да арнайы атақтарынан жұрдай болды. Одан басқа, сотқа оларға қатысты мемлекеттік марапаттарынан айыру туралы өтініш те енгізілді.       

 Сотталғандар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, Кедендік одақтың кедендік шекараларынан аса ірі көлемде экономикалық контрабандалық әрекеттермен айналысқан. Қаржы полициясы және ішкі істер органдарының қызметкерлеріне ірі көлемде пара берген, өмірлеріне қастандық жасауды ойластырған, сонымен қатар билікті, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қызметтік бабын теріс пайдаланған және әдейі заңсыз жолдармен алынған мүліктер және ақшалармен қаржылық операциялар және басқа да мәмілелер жасаған деп айыптар тағылды.      

Жоғарыдағы ұйымдасқан қылмыстық топтың жасаған қылмыстарын тіркеуге сот өндірісіне қылмыстық істің 1576 томы қажет болды.

Дереккөз: inform.kz

12 сәуір 2014, 16:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.