Ипотекалық несие нарығында қозғалыс байқалады. Банктер қайтадан несие бере бастады, ал жылжымайтын мүлік нарығындағы бағалар жоғары өрлеп кеткен.
Ипотекалық несиелер бойынша қарыздар екінші деңгейлі банктердің филиалдарында биылғы жылдың мамырында 78,5 млрд. теңгені құрады (14,7 пайызға өскен). Қаңтар-сәуір айларында аймақтағы банк филиалдары 8,8 млрд. теңгеге ипотекалық несиелер ұсынған (20,5 пайызға өскен). Ұлттық банктің Атырау филиалының мамандарының пікірінше, көптеген банктер ипотекаға құлықсыз несие берген өткен жылға қарағанда биыл ахуал өзгерген. Бұл бірден жылжымайтын мүлік нарығына әсер етті: егер былтыр Авангардтың 4-ші ықшам ауданындағы 80-ші жылдардың басында салынған бес қабатты үйлердегі пәтерлердің шаршы метрі орташа алғанда 1000 доллар тұрса, бүгінде олар 1200 долларға бағаланып отыр.
2011 жылы мамырда банк филиалдарының несиелер бойынша жалпы қарызы 150,5 млрд. теңге құраған (22,5 пайызға өскен). Шағын бизнес субъектілерінің несие қарызы 2010 жылдың мамырымен салыстырғанда 12,3 пайызға азайған (28,9 млрд. теңгеге дейін).
Жыл басынан бері банк филиалдары 36,8 млрд. теңгеге несие берген. Тұтыну мақсатындағы несиелер сомасы болса 8,1 млрд. теңгеге дейін көбейген. Бұл 2010 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 2,4 есе көп.
Заңды және жеке тұлғалар салымындағы ақша қалдығы 56,4 млрд. теңге құраған. Депозиттер құрылымының басым бөлігі (96,3 пайыз) жедел салымдардың еншісінде. Депозиттердің 62,2 пайызы ұлттық валютада. Адамдар банкке ақша апаруға асығар емес. Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында банк филиалдарында заңды және жеке тұлғалардан 121,5 млрд. теңгеге депозиттер ашылған (16 пайызға азайған).
Зульфия ИСКАЛИЕВА