Жанболат ДҮЙСЕНБАЕВ28 наурызда Ақтөбе облысынан «Бергей Рысқалиевтың ҰҚТ ісінің» тағы бір тұлғасы - Жанболат ДҮЙСЕНБАЕВ ұсталды.
«АТГ Құрылыс» ЖШС директоры Ж. Дүйсенбаевты қамауға алу туралы санкция 2012 жылы беріліп, сол кезде бюджет қаржысын ұрлады және басқа да ауыр қылмыстар жасады делінген барлығы 13 күдіктіге - Рысқалиевпен, Аманжан РЫСҚАЛИМЕН, Айбат СҮЛЕЙМЕНОВПЕН, Рүстем ӘЛБАҚАСОВПЕН және басқа да тұлғалармен бірге оған да халықаралық іздеу жарияланған болатын. Облыстың бұрынғы әкімінің ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығының құрамында оған ҚР ҚК-нің 176-бабының 3-тармағының «б» тармақшасы («Ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөгде мүлікті иеленіп алу немесе ысырап қылу») бойынша айып тағылды. «АТГ Құрылыс» ЖШС Атырау облысын газдендіру жөніндегі тендерлерге қатысқан. Компания облыс әкімі отставкаға кеткеннен кейін ҚР Бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВТЫҢ баяндамасында «Рысқалиевтың ҰҚҚ-мен аффилирленген» деп аталды.
Іздеу жарияланған бір жарым жыл ішінде – Дүйсенбаев он үш адамның ішінен ұсталған екінші адам. Біріншісі, Олег ПАВЛИЧЕНКО, биыл ақпан айында Мәскеуде ұсталған болатын. Алайда оны көршілес мемлекеттен экстрадициялау процедурасы әлі аяқталған жоқ. Дүйсенбаевты Атырау облыстық экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері тауып алып, ұстаған.
- Таяу күндері ол Атырауға этаппен жеткізіліп, оған қатысты әрі қарай тергеу жұмыстары жүргізіледі, - деп хабарлады Атырау облыстық ЭҚСЖКД ұйымдастыру-бақылау басқармасы-инспекциясының бастығы Қаһарман ЖӘРДЕМОВ.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА