Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылын су басып кету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Су тасқыны салдарынан 5 адам көз жұмды, деп хабарлайды BNews.kz агенттігі облыстық ІІД басшысы Мергенбай Жаппаровқа сілтеме жасап.
«ТЖ фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді М.Жаппаров.
ТЖ жөніндегі министр Владимир Божко мәлімдегендей, су тасқынынан 5 адам құрбан болды.
«Бес адам көз жұмды, 100-ге тарта үй су астында қалып отыр, екі үй мүлде құлап қалды. Қалған үйлерде де су өте көп», - деді В.Божко.
Аймақ билігі хабарлағандай, барлық зардап шеккендердің шығындары қайтарылады, ал қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі.
Естеріңізге салып өтсек, 31 наурызда сағат 1.30-да Көкпекті су қоймасының плотинасы шайылып, Көкпекті кентіндегі 100 үйді биіктігі 1,5-18 метр су басып қалған (ауылда 810 үй бар). Сағат 2.45-те кенттегі су деңгейі төмендеді.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.