Мамуту Кулибали. Фото: fcirtysh.kzҚызылордалық "Қайсардың" биылғы "қара маржаны" - Мамуту Кулибали қазаққа күйеубала болғысы келетінін мәлім етті.
Клубтың ресми сайтында жарияланған сұхбатында ол жаңа команда туралы ойы мен қазақ қызына ғашық екенін айтып берді.
"Шынын айтсам, қазақ тілін түсінбегендіктен, алғашқы жылы өте қиын болды. Тіпті, алты айдан кейін кетіп қалғым да келді. Бірақ бертін келе үйренісіп кеттім. Қазір ИншАллах, Қазақстанға толық сіңісіп кеттім. Тіпті, болашақ жарым да қазақтың қызы екенін айтқым келеді", - деп ағынан жарылды Мамуту Кулибали.
Спортшының айтуына қарағанда, оның павлодарлық Мәдина есімді арумен көңіл жарастырып жүргеніне екі жыл болған.
"Қазақ тілің қалай?" деген сұраққа футболшы: "Қазақстан - менің алтыншы елім. Әр елдің чемпионатында ойнап жүріп, бірнеше тілді меңгеріп алдым. Орысша білемін, француз, мали, ағылшын тілдеріне судаймын. Түрікшені де түсінетін халдемін. Павлодарда жұрт көбіне орыс тілінде сөйлеседі. Сондықтан, үйрене алмадым. Қызылорда нағыз қазақи қалалардың бірі ғой. Көп ұзамай, қазақ тілін де үйреніп алармын", - деп жауап берді.
Дереккөз: nur.kz