АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде бүгіннен бастап наурыздың 23-не дейін Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы тойланады. Бұл күндер республикада демалыс деп жарияланды. Қазақстандықтар биыл бес күн қатарынан демалады, өйткені мейрам күндері сенбі мен жексенбіге түсіп тұр.
Бір Астананың өзінде айтулы мерекеге орай 300 шара жоспарланған. Мұнда Ұлыстың Ұлы күні Конгресс-холл сарайында «Ән мен әнші» дәстүрлі концерттік бағдарламасымен басталады. Жалпы Астанаға ел өңірлерінен 350 өнерпаз келеді. Сондай-ақ 21, 22 наурыз күндері сағат 10.00-16.00 аралығында «Қазақ елі» монументі алаңында халықтық сауық пен мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Ал сағат 10.00-16.00 аралығында әкімдік алдындағы алаңда мерекелік шара өз жалғасын таппақ. Алаңға жиналғандар ыстық бауырсақтан дәм татып, спорттық сайыстарда бақ сынай алады. Сонымен қатар көпшілік назарына театрландырылған көріністер ұсынылмақ.
Кешкі сағат 19.00-де әкімдік алдындағы алаңда Наурыз мерекесіне арналған концерт пен би кеші өтеді.
Наурыз - ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағы. Жалпы, Наурыз - достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы.
"ҚазАқпарат" ХАА Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, күллі Қазақстан халқына бақ-береке тілейді.
Дереккөз: inform.kz/