АСТАНА, 19 нау - Қазақстан жаңалықтары АА. Парламент Мәжілісінің депутатары «1999 жылғы 3 желтоқсанда Бейжіңде қабылданған Озон қабатын бұзатын заттар жөнiндегi Монреаль хаттамасына Түзетудi ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі мәжіліс комитетінің тұжырымында хабарланғандай, Монреаль хаттамасы 1987 жылы қабылданған болатын. Ал Қазақстан Монреаль хаттамасына 1997 жылы қосылды.
Онда Монреаль хаттамасының мүшесi болып табылмайтын кез келген мемлекетке гидрохлорфторкөмiртектi экспорттауға немесе импорттауға тыйым салу белгiленедi және Хаттамаға мүше мемлекеттер гидрохлорфторкөмiртегi өндiрiсiн реттеудiң қосымша шаралары енгiзіледi.
"Құжатты ратификациялау кезiнде Қазақстанға Ғаламдық экологиялық қор тарапынан қаржылық және техникалық қолдау көрсетiлетiн болады. Ал Монреаль хаттамасын сақтауды қамтамасыз ету үшiн Қазақстанға 2015-2017 жылдар аралығында 6 млн. доллардан астам қаржы бөлу жоспарланған", - деп хабарланады ведомстволық комитетің тұжырымында.
Дереккөз: newskaz.kz