Ганюшкино ауылындағы «Жапырық» ықшам ауданының 92 жастағы тұрғыны Бима КЕНЖАЛИЕВА (суретте) қарттықты мойындамайды. Әзіл-қалжыңы қатар жүретін әжей мұқалмайтын жандардың қатарынан.
- Таңертеңнен қара кешке дейін қарап отыра алмаймын. Мына үстімдегі көйлегімді қолмен өзім тігіп алғанмын. Ең қымбат матаны немерелерім алып береді, - дейді жымиып қойып Бима әжей.
Деді де, Атыраудағы немересіне тоқып жатқан жакетті, түрлі-түсті бес саусақ қолғапты да алдыртты. Әртүрлі жіппен әдемілеп тоқыған қолғабын сыйға тартты. Дәл сол сәтте менің өмірден озып кеткен нағашы әжем көз алдыма келді. Өмір бойы мігір таппаған әжем балалары мен немерелеріне шұлық, қолғаптардың бірнеше данасын тоқып, ішіне кәмпит толтырып, сөмкесіне салып қоятын. Онысын үлестіреді, тағы тоқиды, ерінбейді. Бима әжей де тап сол секілді... Қолғаптардың ішіне үш-төрт түйір мұз кәмпиттің салынғанын көргенде қуанғанымды-ай.., балалық шағым есіме түсіп кетті.
- Ұзақ өмір сүрудің сыры - ащы еңбек пен үнемі қимыл-қозғалыста жүруде, -дейді әжей. - Мен 1939 жылы 18 жасқа қараған шағымда Зейнетолла КЕНЖАЛИЕВКЕ тұрмысқа шықтым. Енем келін екен демеді, қызындай бұлғақтатып ұстады. Бірақ көп кешікпей соғыс басталып, күйеуім майданға аттанды, балалы болып та үлгермедік. Совхоздың жұмысы қайда, қандай деп сұрамайсың, айтады, барасың. 1943 жылдың жазында совхоз жұмысы деп бірнеше келіншекті «Мыңтөбе» құмына алып келді. Бір күннен кейін бізге «Сталинградқа жұмысқа барасыңдар» деді. Бізден қарсылық қайдан болсын, үстімде жалғыз қызыл көйлек бар, ілесіп кете бардық.
Өндірдей жас келіншектер Астраханнан кеме арқылы бірнеше күннен кейін Сталинградқа жеткен. Қала әбден қираған, аш-жалаңаш адамдар өріп жүр.
- Біз ғимараттарды үйінділерден тазартып, топырақ пен цементті араластырып майлатынбыз. Тамағымыз қара нан, анда-санда сорпа болады. Мүлдем аш емеспіз, барға қанағат еттік. Бізді жасы егде тартқан милиция қызметкері бастап келген. Жұмыс жасаймыз, шаршап жатамыз, снаряд, бомбаның жарылып жатқан үні алыстан естіліп тұрады. «Күйеуім қай жерде соғыста екен?» деп ойлап қоямын, себебі ол кезде хат-хабар үзіліп қалған болатын. Үстімдегі жалғыз көйлек тозды, жуып, сол бойда шала кептіріп киіп аламыз. Шашылып жатқан дүние көп, бірақ бір сабақ жібін алған емеспіз. Алты айдан соң бізді елге қайтарды, -деп еске алады Бима әжей.
Ал соғыс біткен соң күйеуі аман-есен үйіне оралып, Бима әжей екеуі бір ұл, үш қыз сүйді. Жалғыз ұлы Болат пен келіні өмірден озып кеткен, енді ол балаларынан тараған ұрпағына Жаратқаннан бақытты ғұмыр кешуге жазуды тілеп отырады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор