13 наурызда отырыс барысында айыпталушы Асқар КЕРІМОВТІҢ кезекті өтініші мәлім етілді. Бұрынғы қала әкімі іс материалдарына әлдебір аудиожазбаны біріктіруді өтінді.
«МЕН ӨЗ ҚҰҚЫҒЫМДЫ ҚОРҒАДЫМ»
Сотта қаржы полициясы департаментінің тергеушісі Айбар САРИННЕН жауап алынып жатқан кезде Керімов Сариннің қылмыстық істер материалдарына одан 2012 жылдың 11 ақпанында алған жауабының хаттамасын біріктірмегенін, онда өзінің (Керімовтің) тергеушінің барлық сұрақтарына жауап бергенін, соның ішінде ағайынды Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен Ахаман РЫСҚАЛИМЕН таныстығының егжей-тегжейі туралы жауап бергенін мәлімдеді. Сол кезде Сарин адвокаттар мен Керімовтің сұрақтарына әлденеше рет жауап ретінде, егер жауап алу хаттамасы қылмыстық іс материалдарына біріктірілмеген болса, онда 11 ақпанда жауап алу мүлдем болмаған деп растаумен болды. Сол кезде Керімов сол уақытта жауап алу фактісі болғанын дәлелдей алатынын мәлімдеді. Жазбаның Саринның рұқсатынсыз жазылғанын бірден ескертті, бірақ «оған негіз бар болыпты».
– Алғашқа жауап алуда-ақ, айып тағылған бойда, ол (Сарин) маған қоқан-лоққы көрсетіп, мені мафия, қылмыскер деп атап, қысым көрсетті, - деді Керімов. -Осыған байланысты мен өз адвокатым Абзал ҚҰСПАННАН 11 ақпанда алынған жауаптан аудиожазба жасауды өтіндім. Мен ол жоққа шығарып отырған жауап алу фактісінің болғанын мәлімдеймін. Мен өз құқығымды қорғап, жазып алдым. Жазба тергеушінің сөзін толықтай жоққа шығарады.
Мен екі сағат бойына тергеудің нақты қойған сұрағына, Рысқалиевпен қалай танысқаным, оған жұмысқа қалай тұрғаным туралы жауап бердім. Соттан тек тыңдауды, содан соң ғана жазбаны не істейтіндігі туралы шешім қабылдауды өтінемін.
Тараптардың пікірлерін сұраған кезде прокурорлар бұл жазбаның қайдан пайда болғаны белгісіз деген желеумен үзілді-кесілді қарсы болды. Қалған қатысушылар Керімовті қолдады немесе шешімді сот қарауына қалдырды. Сот тараптардың пікірін тыңдап, жазбаның үзіндісін тыңдауға шешім қабылдады. Жазбада шынымен де, Керімов пен Сариннің дауыстарына ұқсас екі тұлғаның диалогы жүріп жатты. Атап айтқанда, тергелушіге айтып жатқан: «...Мен сізге ашығын айтайын – мен сізді қылмыскер деп есептеймін...» деген сөзі анық естіліп жатты.
ТАҒЫ ДА ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ТУРАЛЫ
Жазба тыңдалғаннан кейін Керімов осы аудиожазбаны және оған жасалған 10 баспа табақ стенограмманы заттай айғақ ретінде қылмыстық істер материалдарына біріктіру туралы сотқа өтініш берді (Стенограммада шынымен де Ахаманмен, содан соң оның ағасы Бергеймен таныстығы туралы, сондай-ақ, 2008 жылы Керімов әкімдікке құқықтық бөлімнің маманы болып орналасып, 4 жылдан кейін қала әкімі болғаны толық айтылған. Сұрақтардың бірінде жауап беруші Рысқалиевтың туысы болып табылмайтынын, тіпті Мақатта тұрған кезде олармен 2005 жылға дейін ешқашан жолдары қиылыспағанын растаған – З.Б. ескертпесі).
Керімов сондай-ақ, дауыстарды бірегейлендіру үшін сараптама тағайындау туралы өтініш жасады.
– Өз дауысымның үлгілерін ұсынуға әзірмін, - деді ол.
Сарин бас тартты:
– Бұл жазбаның қайдан шыққанын білмеймін. Бұл менің дауысым ба, айта алмаймын. Егер менің дауысым болған күннің өзінде, бұл жай әңгіме шығар. Бәлкім, бұл монтаж шығар, сондықтан мен дауысымның үлгісін бермеймін.
Керімов Саринге сұрақ қоюды жалғастырды:
– Менің телефоным қайда? (адвокат Құспан бұрын Қаржы полициясы департаментінде өз қорғалушысы ұсталған кезде алынған оның ұялы телефонының жоғалып кеткендігін мәлімдеген болатын – З.Б. ескертпесі).
– Департаменттің сақтау камерасында шығар, - деп, жорамалдады Сарин.
– Маған неліктен қайтармады?
– Оны білмедім. Бәлкім, №02 іске біріктірілген шығар.
– Телефонды автоматты түрде қоректендіретін ұяшықта қуат көзінің блогы бар ма?
– Білмеймін.
– Бұл енді қияли нәрсе болып кетті! – деп тоқтатты бұл диалогты судья.
Сарин өз ведомоствосында Керімовтен алынған телефонды жеке мақсатта пайдаланды деп айыпталған қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты ішкі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды.
– Егер айыптау расталса, заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлерге шаралар алынатын болады. Егер расталмаса, жалған мәліметтер таратқан адвокат Құспанға қатысты процессуалдық қуғындау шаралары алынбақ, - деп хабарлады Сарин.
Құпия куәгер
Құпия куәгерлерден жауап алу, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 11 наурызда өткізілді. Онда жорамалданғандай, олардан басқа, тек судья, адвкаттар мен мемлекеттік айыптаушылар қатысты. Бұлар алдын ала тергеу барысында бүркеншік есіммен жауап берген үш адам. Өйткені куәгерлерді қорғау бағдарламасымен қорғалған. Адвокаттар да, тіпті кім туралы әңгіме болып жатқанын түсініп, олардың есімдерін жария ете алмайды. Сол отырысқа әрбір қатысушыдан жария етпеу туралы қолхат алынған. Тақырып бойынша бірнеше сұрақтарымызға қорғаушылардың бірі Нұрлан ЖОЛБОЛОВ жауап берді:
– Құпия куәгерлерден жауап алу тәжірибесі қандай жағдайларда қолданылады?
– Қылмыстық іс жүргізу заңы куәгердің және оның туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оның жеке басы туралы мәліметтерді жария етпей одан жауап алу туралы сот қаулысын шығару; процеске басқа қатысушыларға көрінбеуге; оның дауысын, сыртқы түрін (сөйлеу ырғағын, жынысын, ұлтын, жасын, бойын, келбетін, жүрісін және т.б.) танытпайтын жағдайлар жасау құқығын қарастырады. Осы шарттарға сүйене отырып, судьяның мемлекеттік айыптаушылар мен адвокаттардан басқа тұлғалардың барлығын шығарып жіберіп, жауап алуға құқығы бар.
– Қорғау тарапына бұл тұлғалардың кім екендігі белгілі ме? Сотта жаңа, маңызды нәрселер жария болды ма?
– Құпиялылық шеңберіндегі жауап алуға қарамастан, бұл адамдардың кім екендігі түсінікті еді. Құпия куәгердің нақты нені көрсеткенін мен айта алмаймын. Тек «Жекешелендіру» блогының шеңберінде сол күні олардың бірінен ғана жауап алынғанын айта аламын. Тағы екеуі «Парк» блогы қаралған кезде жауап беретін болады.
«БҰЛ МЕНІҢ ЖАУАПТАРЫМ БОЛСА, СОЛАЙ ШЫҒАР»
Владислав ПАК.Келесі отырыс 17 наурызда өтті. Залға кезекті куәгер шақырылды. Оның фамилиясы аталған кезде сол күні процессті бақылаушылардың бір бөлігі бір сәтке елең ете түсті: ПАК. «Владислав» деп есімін атағанда, көңілдері орнына түсті. Куәгердің, қазіргі «Уайтриверкомьюникейшн» ЖШС директорының айтуынша, оның анағұрлым танымал аттасы Владимир ПАК оның танысы екен. Өзін 2007 жылы өз ЖШС-ларының біріне директор лауазымына жұмысқа шақырған. Куәгердің растауынша, олар құрған «Мистоль» ЖШС Владимир Пактың бастамасымен «Атырау-Ақпарат» КМК ғимаратын алған екен:
–Ол маған газеттен тендер туралы хабарламаны көрсетті. Біз заңгер жалдадық. Ол біздің атымыздан тендерге қатысты.
– Тендерлік комиссияға сіздер ұсыныстар мен өтініш жолдадыңыздар ма? – деп сұрады адвокат СЛИНЧЕНКО.
– Нақты есімде жоқ.
– Қаржылар қандай қаржы көздерінен алынды?
– Қаржылар «Мистоль» ЖШС-нің есеп-айырысу шотына Владимир Пактың компаниясынан аударылған.
Осы процестегі куәгерлердің төтенше ұмытшақтығы үйреншікті нәрсеге айналды және ешкімді таң қалдырмайтын болды. Қалыптасқан дәстүрді бұл куәгер де жалғастырды. Оның тергеуге берген жауабы оқылғаннан кейін, егжей-тегжейді әзер есіне түсірді. Ол сол кезде Мистольдің құрылтайшыларының құрамына Владимир Пактың тапсырмасы бойынша әлдебір Аслан АЛДАБЕРГЕНОВ деген енгізілгенін есіне түсірді. Ол ресми түрде Мистольдің 50 пайыздық үлесін алған, бірақ іс жүзінде оның ақысы төленбеген екен.
– Құжат бойынша сатылды, ал іс жүзінде біз оны Владимр Пактың ұсынысы бойынша құрамға енгіздік. Бүкіл істі Алдабергенов жүргізді. Маған оны қабылдап, директор етіп тағайындау туралы нұсқау берілді. Мен бүкіл істер мен құжаттарды тапсырдым.
Кейінірек «Мистоль» ЖШС мұндай тендерлерде мемлекеттік жылжымайтын мүліктердің тағы бірнеше нысандарын алған.
– Бүкіл процедуралар сақталған ба?
– Егер біз тендерде ұтқан болсақ, онда сақталғандығы.
Бірінші болып судья Гүлнар ДӘУЛЕТОВА шыдай алмады:
– Тергеу барысында нақты жауаптар бердіңіз, неліктен бұл жерде жауап бермей отырсыз? – деп тегеурінмен сұрады ол.
– Уақыт өтіп кетті...
– Сіз ЖШС-дегі қатысу үлесіңізді сатып алмады, төлем жүргізілмеді деп, нақты көрсетіп отырсыз.
– Егер ол жерде сатып алынбады деп жазылса, демек солай болғаны.
– Сіз Алдабергеновті әлдебіреудің жоғары жақтан мәжбүрлі түрде кіргізгенін, оны құрамға енгізуді өтінгенін, бірақ іс жүзінде нысандардың Пактың қаржысына сатып алынғандығын айттыңыз. Тергеу барысында сіз: «менің түсінуімше, Аслан басқа адамның сенімді тұлғасы болды және шешім қабылдаған кезде Владимир Пактың пікірін тыңдамады» деп көрсеттіңіз.
– Егер мен осындай жауап берген болсам, солай шығар. Егер сіз қазір менің жауабымды оқып отырған болсаңыз.
Өзінің жауаптан қашқақтау шеберлігін Владислав Пак адвокат ОРЫНБЕКОВАМЕН өрбіген диалогта да көрсете білді:
– Сіз ЛИМЕН таныссыз ба?
– Кіммен дедіңіз..?
– Лимен, фамилиясы.
– Ал есімі?
– Аркадийсияқты.
– Жоқ.
– Ал қателеспесем, КИММЕН ше? Аты-жөнінің бірінші әріптері нақты есімде жоқ…
– Аа, онда таныс емеспін.
–Жарайсың,– деді куәгердің сұңғылалығына тәнті болған адвокат. Содан соң сот оны жіберіп қойды.
Жекешелендірілген мемлекеттік нысандар бойынша тендерлік комиссияның бұрынғы мүшелерінің бірі, өз жауабына анағұрлым сенімді болған куәгер ӘЛІПОВТЕН жауап алынғаннан кейін, судья Керімовтің өтініші бойынша өз шешімін жария етті: аудиожазба «заңда қарастырылмаған жолмен алынған» делініп, қылмыстық істің материалдарына біріктірілмейтін болды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА