Атырау, 25 қараша 00:23
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Астанада «Қазақ аруы-2014» байқауының жеңімпазы анықталды

4 432 просмотра
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні кеште елордадағы «Қазақстан» концерт залында төртінші рет «Қазақ аруы-2014» республикалық сұлулық   байқауы өтті.

Елдің ең әдемі аруы атағы үшін 21 үміткер сынға түсті. Қатысушылардың барлығы да әдемі және талантты болуымен қатар халқымыздың дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін жақсы білетінін және ардақ тұтатынын байқатты.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды - қазақстандық дизайнерлердің қолынан шыққан киімдердің сән байқауы, шығармашылық және зияткерлік әлеуеттері сын тезінен өтті.

Алғашқы байқау кезеңінен кейін үміткерлер сахнада ұстау мәдеиетін көрсетіп қана қоймай, өздерінің қабілет-қарымын паш етті, мәңгілік құндылықтар жөніндегі пайым-түсініктерін ортаға салды, домбыра мен қобыздың және жетігеннің әуенімен қазақтың белгілі поэзия падишасы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндер әуеледі, опералық шығармалар, танымал эстрадалық әндер орындалып, би салтанаты көрермендерді баурап алды.

Астанадан бәйгеге қосылған Гүлмарал Қажыхан жас домбырашы Нұржан Ташқымбаевтың сүйемелдеуімен сахнаға бүркітті алып шықты. Сондай-ақ байқауға қатысушылардың актерлік шеберліктері де көрермендерді бей-жай қалдырған жоқ.

Биылғы жылы байқаудың қазылар алқасында белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкей, отандық опера примасы Нұржамал Үсенбаева, дизайнер Аида Қауменова, театр және кино актері Ғани Құлжанов, айтыс ақыны Айнұр Тұрсынбаева, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Хабар» телеарнасының бағдарламалар өндірісі дирекциясының бас продюсері Ринат Кертаев, Астана қаласы мәдениет департаментінің бастығы Болат Мажағұлов, «Қазақ аруы-2014» байқауының продюсері Баян Есентаевалар болды. Қазылар алқасына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жетекшілік етті.

 Жарты сағат бойы кеңескеннен кейін қазылар алқасы өздерінің шеімімін жария етті. Үшінші орын елордалық Гүлмарал Қажиханға берілді. Екінші орынды маңғыстаулық Ұлпан Нұрманова жеңіп алды. Бірінші орынға Шығыс Қазақстан облысының өкілі Аяулым Ерғазы ие болды.

Байқаудың Гран-приі және «Қазақ аруы-2014» атағы Маңғыстау облысынан келген Гүлназ Жолановаға бұйырды. Ол ару тәжін өткен жылғы жеңімпаз Әйгерім Қанатбаеваның қолынан алды.

«Жыл өткен сайын «Қазақ аруы» байқауының маңызы мен мағынасы арта түсуде. Бүгін бәрі де өте жақсы өтті. Мені қазылар алқасына шақырған болатын. Мен оған зор қанағаттанғандық сезіммен келдім. Бұл жай ғана әсемдік конкурсы емес, оның негізіне қазақ қызының сұлулығы мен ішкі мазмұны, қазақ халқының дәстүрлері мен тілін білуі, зиялылық, жақсы әдеп пен үлгі сияқты құндылықтар алынды. Бұл біздің жастарымыз үшін өте пайдалы ғой деп ойлаймын», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.

«Биылғы жылы байқау төртінші рет және Астанада алғаш рет өтіп отыр. Бұдан бұрын Алматыда өткізіліп келген еді. Бізді қала әкімдігі қолдады. Конкурс тұжырымдамасы өзгерген жоқ, ол түсінікті де - біз жастарды тәрбиелейміз, бұл да идеология. Сонымен қатар біз қазіргі қазақ қызы қандай болуы керек деген мәселеге жауап іздедік. Ол әдемі, білімді, өз халқының тілін, тарихын, мәдениетін білетін болуы тиіс. Мені қазіргі жастардың терең білімі таңғалдырды. Жас құрақтай өсіп келе жатқан кішкентай қыздар біздің байқауымыздың мұраттарында тәрбиеленетін болады», - деді «Қазақ аруы-2014» байқауының продюсері Баян Есентаева. Ол бұл байқау бұдан былай Астанада өткізілетініне сенімін білдірді. 

Дереккөз: inform.kz

17 наурыз 2014, 09:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.