-Отырып алып бастықтармен сөйлесесің, өтірік айтасың. Өзіңнің жақыныңды кіргізесің, бастықтардың балаларын кіргізесің. Біздің балаларымыз қаңғып жүр. Сенен не пайда?
Жетібайлықтар бүгінгі күнді аудан әкіміне деген осындай ашу-ызамен бастады. Мәдениет үйіне лық толған халықтың талабы біреу – жалақысы тұрақты жұмыс. Ал жүздеген адамның бұлай жиналуына әкімнің «Жетібайда жұмыссыз адам жоқ» деп жергілікті газетке берген есебі итермелеген.
Айсағали Нұғманов, Жетібай кентінің әкімі:
– Биыл Жетібайда, Мұнайшыда басталатын жұмыстар бар. 70 мыңнан 150 мыңға дейінгі айлықпен салынатын құрылыста жұмыс бар. Жұмыс жеткілікті.
- Құрылысқа барған адамдардың барлығы соттасып ақшасын ала алмай жүр. Сонда не үшін барады онда?
Аудан әкімі соңында тұрғындарды тыңдаудан жалықса керек, кетуге ыңғайланды. Бірақ азаматтар кабинетіне баса көктеп кіріп, тәуір жұмыс сұрауын тоқтатқан жоқ.
Тоқбай Бейсенбаев, Жетібай ауылының тұрғыны:
– Мен кез келген уақытта жүргізуші болуға, мұнайға баруға дайынмын. Күзетке, карьерге бара алмаймын. 50-60 мыңмен күн көру мүмкін емес.
Осылай жалақысы тәуір жұмыс сұрағандарға әкім ақыры тұщымды жауап бермей кетті. Ал облыстағы басшылар Жетібай жұртының бұлай шулауын түсінбей отыр. Айтуларынша, бәріне бірдей мұнай компаниясынан жұмыс беру мүмкін емес. Басқа салаға баруға көбі құлықсыз екен.
Гүлмира Қалмұратова, Маңғыстау облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жетекшісі:
-... Егер халық ауылды абаттандыруға арналған жұмыстарға барам десе қарсы емеспіз. Ондай жұмыс орындары бар. Бірақ Жетібай тұрғындары мұнай саласында жұмыс істегілері келеді. Ондай мүмкіндік жоқ бізде.
Алдағы күндері Қарақия ауданында құрылыс, көгалдандыру жұмыстары басталады дейді шенеуніктер. Бірақ наразы топ мұнайлы өлкеде тұрып, айлығы мардымсыз қара жұмысқа барғысы жоқ.
Дереккөз: ktk.kz