АСТАНА, 14 нау –Қазақстан жаңалықтары АА. Тұрақты қатынаста тасымалдау жасайтын автобустар паркін жаңартуды ынталандыру мақсатымен Қазақстанда жолаушыларды тасымалдау бойынша келісім-шартты 10 жылға ұзарту жөніндегі үкімет қаулысы бекітілді деп хабарлайды республиканың көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
«Атап айтқанда, қаулымен тасымалдаушының келісім-шарт жасағаннан кейін автобустарды белгіленген шәкілге сәйкес екі жыл ішінде кезең-кезеңмен жаңарту жөніндегі міндеттері қарастырылған. Осы талаптарды ұстанған жағдайда бағдар бойынша өткен қызмет көрсету келісім-шарты конкурс өткізілмей 10 жылға ұзартылады»,-делінген хабарламада.
ҚР ККМ Автомобиль көлігі департаментінің директоры Ерлан Жұмашев «Бұрын бағдарға қызмет көрсету құқығын конкурстық негізде алған тасымалдаушымен әкімдіктер 3-5 жылға келісім-шартқа отыратын. Оның бірнеше кемшіліктері болған: тасымалдаушылар өнеркәсіптің келешектегі ұзақ мерзімді дамуын жоспарлай алмайтын және жаңа автобустарды сатып алуға несие алуға мүмкіншіліктері болмайтын. Жаңа ереже оларға бағдарда ұзақ уақыт жұмыс жасауға кепілдік береді» деп атап өтті.
Сонымен бірге, ол жаңа ережелер автокөлік құралымен жолаушыларды тасымалдағанда сапа және қауіпсіздік дәрежесін арттыруға мультипликативтік әсер ететіндігіне назар аударды.
Дереккөз: newskaz.kz