Атырау, 25 қараша 01:03
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Ұйқышыл» Калачиге арнайы комиссия келді

2 202 просмотра
Фото: news.gazeta.kzФото: news.gazeta.kzБелгісіз дерт дендеген Калачи ауылына Денсаулық сақтау министрлігі жанынан құрылған республикалық комиссия енді жетті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

 Құрамында дәрігерлер, экологтар мен ғалымдар бар топ неліктен адамдарды ұйқы қысып, естен танып жатқанын анықтауда. Ал, комиссияның қортындысына аудан әкімдігі ерекше алаңдап отыр. Егер ғалымдар Калачида «адам тұруға болмайды» деген шешімге келсе, онда шенеуніктер ауылды оқшаулауға мәжбүр болады.

Алматы, Қарағанды, Семейден арнайы жеткен ғалымдарға Калачидегі белгісіз дертті анықтау оңайға соқпасы анық. Сондықтан бұған дейін жүргізілген сараптамалардың қорытындысымен танысып шықты. Содан кейін ғалымдар ауыл іргесіндегі уран шахтасына барады. Ал ауа, су, топырақтан алынған сынаманың нәтижесін сол жерде шығармақ. Өйткені арнайы құрылғыларын өздерімен ала келген.

Бір қызығы, белгісіз індет бүкіл ауылға тез тарамаған. Көрші орналасқан 3-4 үйден бір мезгілде бірнеше адам ұйқыға кетеді екен. Комиссия осы ерекшелікті басты назарға алып, науқастардың тұрған үйінің ауласын да жіті бақылауға алмақ.

«Қазір күдік тудырған барлық жәйтты мұқият тексеріп жатырмыз. Нақты бір отбасыдан қанша адам ауырды? Оның себеп- салдарын дәл білу үшін топ-топқа бөліндік», - дейді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Есенбай Ақәділов.

Республикалық комиссияның қорытындысын шенеуніктер де тағатсыздана күтіп отыр. Өйткені, Калачиге таяқ тастам жердегі Красногорды қосып, аумағын кеңейтуді жоспарлаған екен. Ол үшін қазынадан қаржы да бөлініп қойған. Бірақ «аты жоқ» ауру ойлаған істі құрдымға жіберетін түрі бар.

«Егер комиссия бұл жерде «өмір сүруге болмайды» деген қорытындыға келсе, тұрғындарды жаппай көшіруге мәжбүрміз. Оған ауданның шамасы келмейді. Ең өкініштісі, «Калачиді көркейтеміз» деген жоспарымыз орындалмайтын сияқты. Биыл бірнеше жаңа тұрғын-үйдің құрылысын бастағалы отыр едік», - дейді Есіл ауданының әкімі Қали Рахметов.

Әкіммен бірге жұрттың да жарқын болашақтан үміті үзіле бастаған. Естен тандырып жатқан дертке жұрт нақты диагноз қойылатынына да сенімсіз. Өйткені былтыр да, отандық мамандардың тексерісі нәтижесіз аяқталған болатын.

Калачиге бірнеше айдан соң әзер жеткен республикалық комиссия зерттеу жұмыстарына бүгін кіріспек. Естен тандырып жатқан аты жоқ аурудың себебін де анықтаймыз деп құлшынып отыр. Ол үшін шетелдік әріптестеріне жүгінуді де жөн көріп отырған жоқ. Ал өз күшіне сенген отандық мамандардың ресми қортындысын жергілікті тұрғындар асыға күтіп отыр. Бірақ оның да ұзаққа созылып кетуі ғажап емес...

Дереккөз: bnews.kz

14 наурыз 2014, 09:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.