АСТАНА. 14 наурыз. BAQ.KZ – Бүгін еліміздің Батыс өңірі «Көрісу (қауышу) күнін» атап өтеді. Аталған күн қазақ халқының көшпелі өмірімен тығыз байланысты.
Қазақтың дәстүрінде қыстан аман шығып, айналадағы елдің саулығын білуге арналған бұл мереке қазіргі уақытта еліміздің Батыс өңірінде жақсы сақталған. Салт бойынша бұл күні ел ақсақалдары көрші қыстаулардағы ағайынның қыстан қалай шыққанын біліп, жағдайын сұрап баратын. Қыстың қатал аязы мен ұйытқыған боранында қуанышы мен қайғысына ортақтаса алмаған алыс ауылдағы ағайын осы күні көріседі. Қуанышына «құтты болсын» айтады, қайғысына ортақ екенін жеткізеді. Міне, бұл күн осылайша бауырмалдық пен берекенің күні ретінде аталып өтіледі. Аталған күннің 14 наурыз күні аталып өтілуінде де ерекше мән бар. Себебі, 14 наурыз ескіше күнтізбе бойынша 1 наурызға яғни көктемнің алғашқы күніне сәйкес келеді. Дәл осы уақыттан бастап ұлан-ғайыр далаға көктемнің белгісі еніп, қар жібиді, сең бұзылады.
Бұл күні «Жасың құтты болсын!», «жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу - тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.
Дереккөз: baq.kz