Атырау, 26 қараша 22:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«ТКШ жаңғырту шеңберіндегі» үкім

2 947 просмотра

№2 қалалық сотта өткен жылдың жазында қала прокурорының көмекшісіне пара бермек болды деп айыпталған Атырау тұрғын үй инспекциясының қызметкері мен мердігер және қосалқы мердігер ЖШС басшыларының тобына қатысты үкім жария етілді.

АЛДЫМЕН ИНСПЕКТОР, КЕЙІН ДИРЕКТОРЛАР

Естеріңізге салсақ, 2013 жылдың 17 маусымында қалалық прокуратура ғимаратының қызметтік кабинетінде Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясының инспекторы Амандық БАЙҒҰТОВ қылмыс үстінде ұсталған болатын. Ол өзі үшін және терможаңғырту бағдарламасы аясында үйлерге жөндеу жүргізіп жатқан бірнеше мердігер мекемелер басшыларының мүддесі үшін 2 млн теңге мөлшерінде пара бермек болған («АЖ» №6, 27.06.13 ж., «Пара берем деп тұтылды»). 

Қылмыстық іс материалдарында айтылғандай, өткен жылдың сәуірінде қалалық прокуратура 2011-2020 жылдардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында бюджет қаржысының мақсатты пайдаланылуы тұрғысында тексеру жүргізген. Көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеу және жаңғырту бойынша қосалқы мердігерлер «ЕвроАзияҚұрылыс», «КаспийЛифт», «Өмір Серік Құрылыс», «Верцхли-2010», «УралСпецСтрой, «Инкур» ЖШС-лерінің мердігерлік келісімшарттарының нысандар бойынша нақты орындалған жұмыстары сметалық жобаларға сай келмейтіндігі және Ф2 нысаны бойынша орындалған жұмыс актілеріне комиссия мүшелері техникалық қадағалаудың қатысуынсыз қол қойғандығы анықталды. Тексеру нәтижелері туралы кезінде осы актілерге тұрғын үй бөлімінің инспекторы ретінде қол қойған А.Байғұтовқа белгілі болған. Прокуратураның тексеру қорытындысында анықталған заң бұзушылықтың ілігуіне жол бермес үшін ол қала прокурорының көмекшісі С.ӘЖМҰХАМБЕТОВКЕ табыстау үшін аталмыш ЖШС басшыларынан ірі мөлшерде ақша жинаған. Қолма-қол ақшамен ұсталғаннан кейін сол күні инспекторға қарсы ҚР ҚК-нің 312-бабы («Пара беру») бойынша қылмыстық іс көтерілді. Содан кейін Байғұтов көрсеткен ЖШС директорларына кезек келеді. Шілде айында оларға қарсы ҚР ҚК-нің 312-бабының 4-тармағының «а», «б» тармақшалары («Алдын ала сөз байласу арқылы тұлғалар тобының ірі мөлшерде пара беруі») бойынша қылмыстық істер қозғалды. Кейінірек, олардың үшеуіне қарсы қосымша 176-баптың 3-тармағының «б»  («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету») тармақшасы бойынша қылмыстық істер қозғалды. «ЕвроАзияҚұрылыс» ЖШС директоры Серік ХАЙРУЛЛИНГЕ, «КаспийЛифт» ЖШС директоры Қаныбек МҰРАТБАЕВҚА, «Верцхли-2010» ЖШС директоры Алексей ЭПИТАШВИЛИГЕ және «Өмір Серік Құрылыс» ЖШС директоры Серікқали СӘРСЕШОВКЕ айыптар тағылды.

 

САНИТАРЛЫҚ БӨЛІМШЕДЕГІ ЖАРТЫ ЖЫЛ

Сот іс материалдарымен жете танысып шығып, сотталушылар А.Байғұтовтың, С.Хайруллиннің, Қ.Мұратбаевтың және С.Сәрсешовтің айыпты екендігі дәлелденді деген тұжырым жасады. А.Эпиташвилиге  тағылған айып дәлелденбеді. Қылмыстық істе көрсетілген мерзімде бұл айыпталушы қаладан тыс жерде болған. Ол Атырауға тек бірнеше аптадан кейін ғана келген (бұл туралы дәлелдер келтірілді). Сондықтан сот оған айыптау үкімін шығару үшін жеткілікті негіз таба алмады. Сонда Байғұтовтың Эпиташвилиге жала жапқан болып шыққаны ғой. Ал ол кінәсіз деп танылып, сот залында босатылды (Эпиташвили тергеу изоляторында 7 ай отырған). Оған оны қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартып, қамауда ұстауына байланысты залалды өндіріп алу құқығы берілді. Ол оны пайдаланатын шығар, өйткені, оның адвокаты Игорь ВРАНЧЕВТІҢ растауынша, алдын ала тергеу барысында басқа да заң бұзушылықтарға жол берілген.

- Тергеудің әуел басында-ақ Эпиташвили өзіне тағылған айыптардың бірде-біреуін мойындаған жоқ. Біз еліміздің кез келген басқа өңірлерінен сарапшылар тартып, қайтадан сараптама тағайындау жөнінде тергеу органына (Облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы) әлденеше рет жүгіндік. Қазан айында менің өтінішім қанағаттандырылып, қайтадан сараптама тағайындалды. Ақтөбе сот сараптама орталығына сараптама жүргізуді тапсырды. Ақтөбеліктер ешқандай шығындар немесе иемденіп алу болмағандығын, бүкіл жұмыстар орындалған жұмыс актілері мен сметаларда бейнеленген қаржы шеңберінде орындалғандығын анықтады. Осы мәліметтерге қарамастан, Атырау қалалық прокуратурасы Эпиташвилиге қатысты бұрынғы тексеруге қатысы жоқ басқа нысан бойынша, бұл тексерудің нәтижесі бойынша пара берілген-мыс деп жаңа қылмыстық іс қозғады. Оған да жергілікті сарапшылардың қорытындысы негіз болған. Қайтадан сараптама тағайындауға қатысты және қылмыстық қудалауды мүлдем тоқтатуға қатысты одан кейінгі өтініштерді арнайы прокуратура да, облыстық прокуратура да қанағаттандырмады. Сотта біз сараптама қорытындысының нақты шығындар есебінсіз орындалғанын және зиян сомасын белгілеген сот сараптама орталығының сарапшылары МАЗАНОВАНЫҢ, ЕРМАҒАМБЕТОВАНЫҢ көшпелі отырыстан кейін қайта санап, А.Эпиташвилиге тағылған соманы нөлге шығарғанын дәлелдей алдық. Эпиташвилидің пара беруге қатысы жоқ екендігін де дәлелдедік. Сол уақытта ол Қазақстанда болмаған еді. Мемлекеттік айыптаушы оған мүлкін тәркілеумен қатар 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сот біздің бүкіл дәлелдерімізді ескеріп, Эпиташвилиге қатысты ақтау үкімін шығарды. Айтпақшы, түрмедегі 7 айдың 6-ын ол медициналық санитарлық бөлімшеде өткізді. Өйткені оның жүрегі мен қан тамырларының созылмалы сырқаты бар, медициналық қызметкерлер тарапынан үнемі бақылауда болуға мәжбүр болды.

 

КРИМИНАЛДЫҚ АҚША – ҚАЗЫНАҒА

Соттың пікірінше, істің басқа қатысушыларының кінәсі дәлелденген, Байғұтовқа жалпы режимдегі түзету колониясында жазасын өтеу түрінде 7,6 жылға бас бостандығынан айыру және оған тиесілі мүлікті тәркілеу түрінде жаза тағайындалды. Хайруллинді, Мұратбаевты және Сәрсешовті сот 7 жылға шартты түрде, әрқайсысына 3 жылдан сынақ мерзімін тағайындау жазасымен соттады. Заттай айғақ – жалпы сомасы екі миллион теңге болатын ақшалай қаржыны сот мемлекет кірісіне салуға қаулы етті.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

13 наурыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.