Жайық-Каспий су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау инспекциясының басшысы Бисен ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, биылғы көктемде облыста экологиялық ахуалға оңды ықпал ететін әжептәуір су тасқыны болады деп күтілуде.
Су тасқынының деңгейі топырақтың күзгі ылғалдануына, қысқы қар қорына және көктемгі температураға байланысты болады. Росгидрометтің мәліметтері бойынша, Жайық өзені бассейнінде күзгі ылғалдану қалыпты норма 57 мм-дің орнына 68 мм-ді құрады, яғни, 19 пайызға нормадан көп. Қазгидрометтің мәліметтері бойынша, Ойыл мен Сағыз өзендерінің бассейнінде күзгі ылғалдану 42 мм нормада 57 мм-ді құраған. Яғни, нормадан 36 пайызға көп.
Мұндай көрініс қар қоры бойынша да байқалады. Ресей аумағындағы Орал бассейнінде 72 мм нормада 110 мм қар жиналған.
Тармақтар бойынша ахуал: Сақмар өзенінде қар қоры 122 мм нормада 149 мм, Деркөл мен Шаған өзендерінде 64 мм нормада 60 мм, Ақтөбе облысынан бастау алатын Елек өзені бойынша 66 мм нормада 93 мм-ді құрады.
Ресейлік сушылардың мәліметтері бойынша, Ресейдің Орынбор облысында Орал ағысы бойынша жоғарыда орналасқан Ириклинск су қоймасындағы су құйылысы 1,2 млрд нормада 2,2-3,2 млрд текше метрді құрайды. Сондықтан ресейліктер мол су келеді деп әзірлене бастады. Қазірдің өзінде Орал қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейі өткен жылғы көрсеткіштен жоғары.
– Атырау жері жайлы су тасқынын көптен күткен еді, - дейді Б.Қуанов. – Жер кеуіп қалды. Биыл Жайық аңғарын жағалай орналасқан тоғайлар мен ескі арналар сумен толатын болды. Біз 2005 немесе 2007 жылдардағы деңгейдегі су тасқыны қайталанады деп күтіп отырмыз. Салыстырар болсақ, өткен жылы Жайық өзеніндегі су деңгейі 413 см, 2005 жылы 545 см, 2007 жылы 513 см болды.
– Ал 1994 жылғы есте қаларлық су тасқыны кезінде су тасқынының деңгейі қандай болды?
– 1994 жылы су деңгейі 601 см болды. Оған қоса Каспий теңізі жақтан күшті қума жел соқты. Қазір қума желдер оншалықты қауіпті емес, өйткені, Каспий теңізінің деңгейі содан бері бір жарым метрге төмендеді. Жайық өзеніндегі су деңгейі, әрі кеткенде, 530 см шамасын құрайды деп ойлаймын. Ойыл өзенінде де жақсы су тасқыны болады деп күтеміз. 2010 жылғы су тасқыны кезінде осы өзендегі су түсімі 28 млн текше метрді, 2011 жылы 130 млн, 2012 жылы 16 млн-ды құрады, 2013 жылы су келген жоқ. Биыл 280 млн текше су келеді деп күтіліп отыр. Фермерлер көлтабандарды толтырып, шөптерді орып ала алады. Сағыз бен Ембі өзендерінде су тасқыны қалыпты шамада болады деп күтілуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ