Атырау облыстық экология департаменті «Аджип ККО» және «NCOC» компанияларына қайта өңдеу кешендерінің алау құрылғыларында қышқыл газды жағу салдарынан атмосфералық ауаны ластануынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы шағым жолдады. 134,2 млрд. теңгені құраған сома «Қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау ережелеріне» сәйкес есептелді деп хабарлайды Қазақстанның қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің баспасөз қызметі.
2013 жылғы 24 қыркүйекте мұнай және газды қайта өңдеу кешенінің құрылғысына («Болашақ» зауытының жер үсті кешені) таяу жерде газ құбырының жарылу салдарынан күкіртті сутектің (ілеспе-қабат газ) жайылуы орын алды. Нәтижесінде құбырдағы газ қалдығы Қашаған кен орнының жер үсті және теңіздік кешендерінің факелдарында жағылды.
Аталған оқиға бойынша Атырау облыстық экология департаменті 2013 жылғы 25 қыркүйек пен 2014 жылғы 7 ақпан аралығында Қашаған кен орнын игеріп жатқан Консорциумда («Аджип ККО» және «NCOC» компаниялары) жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді.
«Тексеріс нәтижелері көрсеткендей, газ құбыры жарылғаннан кейін, 2013 жылдың қыркүйек және қазан айларында құбырдағы қышқыл газдың қалған көлемінің зауыт және аралдағы факел құрылғыларында жағылғаны анықталды. Тексеріс актісіне сәйкес, нормативтен тыс жағылған қышқыл (шикі) газдың жалпы көлемі 2 795 149 м3 құрады»,-делінген хабарламада.
Тексеріс нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің талаптарына сәйкес, әкімшілік істер қозғалды.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.