Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВАӨткен бейсенбіде, 27 ақпанда тергеу изоляторында жатқан күдікті Гүлмира ӘЗБЕРГЕНОВАНЫҢ («Ақтөбехаусконтракшн» ЖШС және BNB Construction ЖШС-нің бас есепшісі) қатыспауы себебінен кезекті сот отырысы болмай қалды.
Кейін анықталғандай, Әзбергенова сотқа денсаулығына байланысты қатыса алмапты. Адвокат Бақберген АЙТМАМБЕТОВТЫҢ айтуынша, оның қорғауындағы адам 3 ақпанда бұлтартпау шараларын қамақтан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат беру шарасына ауыстыру жөніндегі өтінішін соттың қанағаттандырмауына байланысты шарасыздықпен жариялаған аштығын жалғастыруда («Экс-әкімнің ісі. Гүлмира Әзбергенова аштық жариялады»).
- 27 ақпанда ол камерада қатты ауырды, өзінің айтуынша, бүйрегі сыр берген екен. Оған түрлі екпе дәрілер салынды, қазір беті бері қарады. 3 наурыз, дүйсенбіден бастап ол сотқа қатысып отыр, - дейді адвокат.
Айтмағамбетовтың айтуынша, Гүлмира аштық жариялауын жалғастырып жатыр:
- Қалай шыдап жүргеніне қатты таң қаламын. Ол ауырған күні біз оның халін білу үшін түрмеге келдік, ол тіпті бізбен кездесуге шыға да алмады - әбден қалжыраған.
Адвокаттың айтуынша, медициналық көмектен басқа, наразылық шарасына ешқандай назар аударылған жоқ.
- Бұлтартпау шарасын өзгерту туралы тағы да өтініш бересіздер ме?
- Иә, береміз, бірақ ештеңе өзгереді деп айта алмаймын.
- Неге бұлай ойлайсыз?
- Білмеймін, бұл сотталып жатқандардың ішінен қамауда отырған жалғыз әйел, алайда дәл осындай баппен айыпталып отырған адамдар ешқайда кетпеу туралы қолхат беріп үйде отыр. Бұл жерде мен тек әр адамға әр түрлі қарап отырғаны жөнінде ғана айта аламын.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА