Сауалды отырыс барысында сенатор Орынбай Рахманбердиев жариялаған болатын.
Депутаттың айтуынша, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Владимир Жириновскийдің 23 ақпандағы сөзі қазақстандық қоғамда аса жағымсыз реакция тудырды.
«Оның «Орталықазиялық федералдық округ» туралы сөзін Қазақстан мен басқа да Орталық Азиядағы мемлекеттердің егемендігіне, тәуелсіздігіне, оның аумақтық тұтастығына қол сұғушылық деп түсінуге болады. Мемлекеттік Дума төрағасы орынбасарының, парламенттік партия басшысының, белгілі саясаткердің мұндай мәлімдемелері Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық сипаттағы ынтымақтастықтағына қайшы келіп қана қоймайды, бұл - халықаралық құқыққа негіз қалайтын нормалар мен принциптерге мүлдем кереғар. Ал мұндай әңгіменің Қазақстан аумағына да таралатын «Ресей-24» телеарнасынан жариялануы жұртшылықты алаңдатып отыр. Сондықтан да, біздің жұртшылық телеарнаның позициясын Ресей тарапының ресми ұстанымы ретінде қабылдауы да әбден мүмкін», - деді Орынбай Рахманбердиев.
Сенатордың айтуынша, Қазақстанға қатысты бірнеше мәрте мәлімдеме жасаған Жириновскийдің сөздері екі көршілес мемлекеттің стратегиялық ынтымақтастығына сызат түсіріп қана қоймай, Ресейдің өзінің халықаралық позициясына да селкеу түсіреді. «Ал мұндай мәлімдемелердің қайталануы Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық прогреске де жағымсыз қоғамдық пікір қалыптастырады», - деді Орынбай Рахманбердиев. Сауалға бірқатар палата депутаттары қолдап, қол қойған.
Дереккөз: inform.kz