АСТАНА, 26 ақп – Қазақстан жаңалықтары АА. "Center South" авиакомпаниясының ТУ-134 ұшағы қозғалтқышының істен шығуы салдарынан Астанаға апатты жағдайда қонды деп хабарлайды Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметінен.
«25 ақпан күні сағат 23-49-да Қарағанды-Пермь бағыты бойынша 9652 рейсімен ұшып бара жатқан "Center South" авиакомпаниясының (Ресей) ТУ-134 жолаушылар ұшағы қозғалтқышының істен шығуы салдарынан Астана әуежайына апатты жағдайда қонды»,- делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшақ бортында («Молот» хоккей командасы) 31 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Ешкім зардап шеккен жоқ.
«Әуежайдың барлық қызметтері дайындық режіміне көшірілді. Қазіргі уақытта қозғалтқыштың істен шығу себебін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ақпаратта.
26 ақпан күні ақауы бар ұшақтың барлық жолаушылары «Эйр Астана» авиакомпаниясының тұрақты рейсімен Мәскеуге атанып кетті.
Дереккөз: newskaz.kz