Атырау, 24 қараша 21:29
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экс-әкімнің сот ісі. «Жекешелендіру» блогы

2 834 просмотра

20 ақпанда Атырау мамандандырылған ауданаралық соты «Жекешелендіру» блогына топтастырылған материалдар бойынша тыңдауға көшті: «Атырау-Ақпарат» КМК, баспахананы, облыстық әкімдік ғимаратына жалғанып салынған орынжайды («аппендикс») және басқа да коммуналдық меншік нысандарын заңсыз жекешелендіру бойынша эпизодтар қаралды. Алайда алдымен «АтырауҚұрманҚұрылыс» (АҚҚ) блогы бойынша тыңдау аяқталды.

БАСҚА АСПАП

«АтырауҚұрманҚұрылыс» (АҚҚ) блогы бойынша айыпкер АҚҚ директоры Құрманғазы ӘЛІМОВКЕ айып тағылды. Естеріңізге салсақ, оның компаниясы мемлекеттік бағдарлама бойынша несиелік және арендалық тұрғын үй құрылысымен айналысты, атап айтсақ, Нұрсая ықшамауданындағы 8 үй («Экс-әкімнің ісі. «АҚҚ» блогы»).

Тағылып отырған айыптарға сәйкес, АҚҚ басшысы тарапынан 10 млн теңге және 187 млн теңге мөлшерінде (ірге және мансардты қабаттарды салу құны) шығын келтірілген. Әлімов тағылған айыптармен толықтай келіспеді. Ол кезінде компаниясы 8 үй құрылысын аяқтаған уақытта оны әкімнің күйеу баласы Рүстем ӘЛБАҚАСОВ шақырып алып, барлық ірге және мансардты қабаттарды жалған шартпен «АтырауСтройКонтракт» ЖШС-іне өзара есеп айырысу тәртібімен беруді тапсырғанын айтты. Бұл шарт бойынша бұл компания ірге және мансардты қабаттар құрылысын салуда қосалқы мердігерлік жұмыстарды орындаған-мыс. Жалған қосалқы мердігерлік шарты 2011 жылы жасалған, ал үйлер 2009 жылдың желтоқсанында қолданысқа берілген.

Өз кезегінде зардап шегуші тараптың (облыстық әкімдік) өкілі сотта қазіргі уақытта келтірілген шығын ірге және мансардты қабаттарды қайтару, сондай-ақ Әлімовтың басқа да мүліктері  арқылы толығымен өтелгенін айтты.

Әлімовтың қорғаушысы Мырзахан ТӨЛЕГЕНОВ құрылыс сараптамалық зерттеу негізіне салынған, құрылыс көлемдерінің сәйкестігіне өлшеу жұмыстарын жүргізген екі маманның қорытындысын іске жіберілмейтін дәлелдемелер ретінде танылсын деп өтініш білдірді. Сот кезінде осы қорытындыны жасаған мамандар өлшеу жұмыстарына тікелей қатыспағаны, сондай-ақ өлшеулерді жүргізген маман, біріншіден, мемлекеттік тексеруден өтпеген аспапты қолданғаны, екіншіден, өлшеу жазбаларын ешкімге ұсынбағаны және олардың іс материалдарында жоқ екені анықталды. Сәйкесінше, адвокат бұрынғы қорытындыларға негізделген соттық құрылыс-экономикалық сараптама қорытындысын дәйексіз дәлелдеме ретінде тануды өтінді.

ТЕРГЕУШІ СОТ ЗАЛЫНАН КЕТСІН

Бұрынғы әкімнің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВКЕ, бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВКЕ, бұрынғы облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВКЕ, бұрынғы Атырау қаласының әкімі Асқар КЕРІМОВКЕ заңсыз жекешелендіру бойынша айып тағылды.

Тыңдау басталар алдында адвокаттардың бірі төрағалық етіп отырған судьяға тікелей көрсетілім жүріп жатқан холлда қаржы полициясының тергеушісі САРИННІҢ отырғанын хабарлады.

-Оның бұл жерде не істеп жүргені түсініксіз. Куәгерлерге психологиялық қысым көрсеткісі келе ме? Оны залдан кетіруіңізді өтінемін...

Сот төрағасы процестің ашық өтіп жатқанын, теледидардан тұрақты көрсетіліп отыратынын атап өтті, алайда Сарин бұл іске куәгер ретінде қатысатынын ескеріп, приставқа оны холлдан кетіру жөнінде тапсырма берді.

ГОЛЛАНДТЫҚ ӘДІС БОЙЫНША

Күні бойы жалғыз біз куәгер - облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Серік ДЕМЕГЕНОВТЕН «Атырау Ақпарат» КМК және баспахананы жекешелендіру фактілері бойынша жауап алды. Демегенов Жантеміровтың орынбасары ретінде 2011 жылдың қаңтарынан бастап, яғни баспахананы жекешелендіру басталып кеткен уақытта жұмысын бастады. Сондықтан да бұл нысан бойынша нақты еш нәрсе айта алмады.

Демегеновтың айтуынша, ол жұмысқа кіргенде, Жантеміров оған «Атырау Ақпарат» КМК кешенін жекешелендіру бойынша құжаттарды ұсынып, жекешелендіру негіздерінің, атап айтсақ, ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия ҚЫСТАУБАЕВАНЫҢ Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Керімовке жазған хатының заңдылығын тексеруді тапсырды. Қыстаубаева хатында «Атырау Ақпарат» КМК-ны шығындылығына байланысты баланстан шығаруды өтінген. Демегеновтың айтуынша, Жантеміров оған хатты кәсіпорынның шығындылығын жылдар бойынша (соңғы 5 жыл) толықтыр деп тапсырма береді. Осылайша, Қыстаубаеваның өзгертілген хатын өткен күнмен жекешелендіру құжаттарына қосады.

Әрі қарай Демегенов Керімовтың атынан хат дайындайды (оның айтуынша, басшысының тапсырмасымен). Хатта Керімов Жантеміровке келесідей тапсырма береді: «Атырау Ақпарат» КМК-ны жекешелендіруге құжаттар дайындалсын. Демегеновтың айтуынша, облыс әкімі аппараты басшысының хат бланкасын «электронды әкімдік», «Лотос» бағдарламасынан алған екен, ол жүйеге кіруге барлық қызметкерлерге рұқсат етілген. Содан кейін екеуі Керімовке келіп, Жантеміров хаттың мақсаты жөнінде екі ауыз сөзбен түсіндіргеннен кейін, Керімов қол қойды. Керімовтың да хаты өткен күнмен белгіленген. Алайда, Керімовтың қорғаушысының айтуынша, бұл хаттың түпнұсқасы іс материалдарының ішінде жоқ.

Куәгердің айтуынша, баланстық құны шамамен 600 млн теңге тұратын «Атырау Ақпарат» КМК ғимараты «Мистол» ЖШС-іне 206 млн теңгеге сатылған.

Бағалау құны 77 млн теңге жабдықтары бар баспахана ғимараты «УС-99» ЖШС-іне 25 млн теңгеге сатылған. Куәгер баспахананың тендерлік байқауына қатысқандықтан, бұл іс туралы нақты әңгімеледі. Оның айтуынша, алғашқы екі сату байқауы ағылшын әдісімен, бағалау құны - 77 млн теңгеге сәйкес жүргізілді. Үшінші рет қатысушылардың жоқтығынан байқау голландтық әдіспен, яғни, мөлшерлемелерді түсіру әдісімен өтті және нәтижесінде баспахана 25 млн теңгеге сатылды.

Баспахананы жекешелендіру бойынша тендерлік комиссияның төрағасы болып, облыс әкімінің міндетін атқарушы Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВАНЫҢ 2011 жылғы 27 қаңтардағы өкіміне сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Асқар Әбдіров тағайындалды.

Сонымен қатар Демегенов Атырау облысы әкімдігінің коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру туралы қаулысы жөнінде де айтып өтті. Оның айтуынша,  коммуналдық меншік нысандары бойынша жауапкершілік орынбасарлардың ішінен Айгүл Әжіғалиеваға (Б. Рысқалиев командасымен жұмыс жасаған, қазір де өз лауазымын сақтаған жалғыз орынбасар) жүктелді.

Демегеновтың айтуынша, баспахананың шығындылығына қатысты «Атырау Ақпарат» КМК-ның бұрынғы бас есепшісі, қазір бақилық болған Өтешев ғимаратты қамтамасыз етуге көп шығын кететініне сілтеме жасаған. Сонымен қатар, құжаттардың арасында «Атырау Ақпарат» КМК ғимаратының 80%-ға тозғанын растайтын консалтингтік компанияның қорытындысы да бар.

Қазіргі уақытта осы нысан бойынша шығындар өтелді. 2012 жылы (тергеу барысында) «Мистоль» ЖШС пен «УС-99» ЖШС облыстық әкімдікке қаржы басқармасымен жасалған шартты бұзу жөнінде өтініш жасады. Шарттар бұзылды, нысандар коммуналдық меншікке қайтарылды. «Атырау Ақпарат» КМК мүліктері бүгінгі күнге дейін қамаққа алынған.

«НЕ ОЙДАН ШЫҒАРЫП ОТЫРСЫҢ?»

Айыпкер Жантеміров куәгерге сұрақ қою мүмкіндігін беруді өтінді. Өзінің бұрынғы қызметкеріне ол былай деді:

- Серік, сен тек шындықты айтамын деп ант бердің ғой, болмаған затты неге болды деп отырсың?

Судья ескерту жасап, нақты сұрақ қоюын сұрады. Жантеміров кешірім сұрап, сөзін әрі қарай жалғастырды:

- Біз «Атырау Ақпарат» ғимаратын жекешелендіруді аяқтағанда, өз орынбасарым Қойбақовқа (коммуналдық меншік бөлімінің басшысы) құжаттардың екі дана көшірмесін жасауды тапсырдым. Біреуі қазір судьяда, екіншісі... бір адамда... Айта беруге бола ма?, -деп сұрады судьядан. - Облыс әкімі Рысқалиевта. Мен 12 қыркүйектен бастап тергеу изоляторында жатырмын, түпнұсқасы сенің сейфіңде тұр. Не ойдан шығарып отырсың?

Мен сенімен Керімовке бардым ба? Барған жоқпын. Егер сен осындай хат дайындап жатқаныңды білгенде, мен сені бірден жұмыстан қуар едім. Мен сенен сұрадым ба? Қойбақов ол жерде көптен жұмыс жасайды, мен барлығын соған тапсырдым. Мен 63-темін, Құдай үшін шындығыңды айтшы...

- Мен өтірік айтып тұрған жоқпын, қалай болды, солай айттым. Ақ-қарасын құдайдың өзі айырады.

- Мен Керімовке бардым, бірақ жалғыз, бұл туралы менен жауап алғанда нақты айтамын.

Осы эпизод бойынша айып тағылған басқа да айыпкерлер сұрақ қойды. Атап айтсақ, Дәукенов судьяның назарын коммуналдық меншік нысандарын байқау арқылы жекешелендіру негізсіз жасалмағанына, қаржы министрлігінің мемлекеттік меншік комитетінің ұсынысын негізге алғанына аударуды өтінді.

Тыңдаулар дүйсенбі күні жалғасады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА          

24 ақпан 2014, 10:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.