NСОС компаниясы Д аралы - Болашақ зауыты құбырының бүліну себебі мен сипатын тексеру нәтижелерін қаңтар айының басында немесе ақпанның соңында жария етуге уәде берген болатын. Алайда 12 ақпандағы ахуал бойынша, Кембридж дәнекерлеу институтының (TWI) мамандарынан Консорциум ешқандай хабар алмаған секілді. Бірақ кей кездері үндемеудің өзі - алынған хабардың өте жағымсыз болғанын білдіруі және әрі қарай не істеу керектігін белгілеу үшін уақытты қажет етуі мүмкін. Мен тұрбаларды толықтай ауыстыру қажеттігін меңзеп отырмын. Олай болса, оған бірнеше жыл еңбек ету қажет болады. Ал сол уақытта Қашаған тұрып қалады да, Қазақстан қазынаға құйылатын ірі қаржы көзінен айырылады.
Біздің газетімізге берген сұхбатында экономист Петр СВОИК («Қашағанға бұлт үйірілді») мұнайды коммерциялық өндіру жұмыстарын бастауды кейінге қалдыру ықтималдығы туралы сұраққа жауап бере отырып, Қашағанда мұнай өндіруді тоқтату теңгенің девальвациялануына соқтыруы мүмкін екенін айтқан еді: «Өйткені, Қазақстанның сыртқы төлем балансы осы жылдар бойына мұнайдың жоғарғы бағасы есебімен, сондай-ақ, шетелдік инвестицияның құйылуы мен шетелге бұрын жасалған инвестиция кірістерінің әкетілімі арасындағы айырмашылықтың арқасында оң сальдомен тұрақталып тұрды. Ал бұл әкетілім өте көп. Мәселен, өткен жылдың мәліметі бойынша, бұл жылына 28 млрд доллар шамасында болды. Алайда жаңа инвестициялар түсімі, құдайға шүкір, әзірге әлі де көп болып отыр, соған сәйкес, бізде Қазақстанның жалпы төлем балансына қатысты жайсыздықтар жоқ. Ал бұл түсімдер қайдан келіп жатыр? Негізінен Қашаған есебінен келіп жатыр. Салынып жатқан кезде Қашағанға жаппай қаржы салу Қазақстанның оң төлем балансын сақтап тұрды. Соған сәйкес, теңге бағамы да тұрақты болды. Қашағанды іске қосуға қатысты кідірістер, әрине, елді мұнай түсімдерімен толықтырмайды. Ал инвестиция көлемінің азаюына сәйкес белгілі бір тәуекелді құрайды. Мен қазірдің өзінде біртіндеп девальвацияланып бара жатқан теңге бағамын меңзеп отырмын. Әзірге қашан екені түсініксіз, бірақ бәрібір теңгені девальвациялауға тура келеді. Бәлкім, президент биліктің транзиттеу жоспарын жүзеге асырғаннан кейін шығар. Алайда Қазақстанға инвестиция салу нормасының азаюы катализатор рөлін атқаруы мүмкін. Сол кезде мүмкін, теңгенің девальвациясына ертерек көшуге тура келетін шығар».
Бәлкім, Своик дөп басқан шығар. Әзірге 2014 жылғы 11 ақпандағы теңге бағамы құлдырауының анағұрлым дәлелді себебін көре алмай отырмын. Бірақ NСОС шынымен де, бүкіл құбырды ауыстыру қажеттілігімен бетпе-бет келді ме екен? Ресми ақпарат болмағандықтан, бізге бейресми дереккөздерге сілтеме жасауға тура келеді. Олар жақын арада шынымен де тұрбаларды түгелдей ауыстыру туралы әңгіме жүретінін айтады. Бұл туралы күзде газ құбырынан газ кеткен кезде: «Егер шынымен де тұрба шытынаған болса, жүйенің толықтай ауыстырылатыны сөзсіз», деп, бізге құбыр жөніндегі сарапшы айтқан болатын. Кейінірек, NСОС баспасөз қызметі газ құбырындағы газдың кетуіне сульфидті қосылыстардың (SSC) әсерінен құбырлардың шытынауы тікелей себеп болған деп растады.
Проблема тек газ құбырында ғана емес, оған параллель мұнай құбырында да бар екендігін NСОС-тың соңғы хабарламаларының бірі растайды: «2014 жылғы 11 қаңтарда жүргізілген «диагностикалық құбырішілік снарядпен тексеру» барысында мұнай құбырының «Болашақ» МГКДҚ-ға жақын жер үсті учаскесінде аз мөлшерде дизельді отыны табылды. Төгілген жер топырағы алынып, сәйкесінше құбыр желісінің учаскесі оқшауландырылды және отынның пісіру тігісінен кеткені расталды» - делінген хабарламада. Егер жағымсыз хабар расталса, онда 200 км ұзындықтағы газ және мұнай құбырларын ауыстыру керек деген сөз. Мұндай көлем бір жыл-бір жыл жарым үздіксіз жұмыс жасауды қажет етеді. Егер Петр Своиктың айтқаны рас болса, онда Консорциум өкілдері ҚР үкіметіне талдама нәтижелерін көрсеткен деп болжауға болады. Ал үкімет бюджетке Қашаған мұнайынан түсім түседі деп күтудің қажеті жоқ екендігін ұғынып, бюджеттің бос жерін жабу үшін ақшалай массаны жасанды түрде көбейту мақсатында теңгені девальвациялап отыр. «АЖ»-ға берген сұхбатында Макроэкономикалық зерттеу орталығының директоры Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ айтқандай, Қашағанда мұнай өндіру тоқтаса Қазақстан экономикасы үшін күн сайынғы шығындар өндірілмеген мұнай көлеміне тең. Яғни, күн сайын біз 18-20 млн доллар жоғалтамыз.
P. S. 12 ақпанда таңертең желіде АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) Қашағандағы мұнай өндіру ІІ жартыжылдықта жалғасуы мүмкін деген қысқа мерзімді болжамына сілтеме жасаған хабарлама жарияланды. Мұнда өндіру көлемі техникалық қиындықтардың және өндірісті кеңейтуге мүмкіндік бермей отырған шығындардың көптігі салдарынан 2015 жылдың аяғына дейін тәулігіне 370 мың баррель мөлшерінде бірінші кезеңге жоспарланған мақсаттық көрсеткіштен төмен болады деп атап айтылған.«Егер Қашағандағы мұнай өндіру тек келер жылы жалғасса, онда Қазақстанда мұнай өндіру өсімінің жалпы болжамы таяудағы екі жылда төмен болады», - делінген EIA хабарламасында.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА