Аманжан РЫСҚАЛИ. Бейнеүндеуден алынған кадр.2013 жылдың ақпанына белгіленген және тек өткен аптада ғана жұртшылыққа жария болған Аманжан РЫСҚАЛИДЫҢ бейнеүндеуі сауал туғызды: ол Еркін МОЛДАШЕВТЫҢ сот ісінің материалдарына қалай түскен? Оған жауапты біз «Сот органдарының автоматтандырылған бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесі» деп аталатын сот істерінің қолжетімді анықтамалығынан Молдашевтың ісі жөніндегі сот құжаттарынан таптық (сайттың мекен-жайы: eaias.supcourt.kz).
БІР ЖЫЛ БҰРЫН
Е. Молдашевтың қылмыстық ісі Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА және оған бағынышты басқа лауазымды тұлғаларға қатысты басқа да қылмыстық істерге жалғас қарастырылып, бірақ жеке өндіріске бөлінген еді. Іс материалдарына сәйкес, Молдашев Аманжан Рысқалимен және басқа тұлғалармен қылмыстық келісім жасап, AB Group ЖШС-не тиесілі Сәтпаев даңғылы, №35 мекенжайындағы №19 пәтерді заңсыз иеленген деп айыпталды. Өткен жылдың мамырында Атырау №2 қалалық сотының үкімімен Молдашев 4,5 жылға мүлкін тәркілеумен қатар, бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Қазіргі кезде экс-әкімнің ісі жөніндегі тыңдауларда Сәтпаев даңғылы, №35 мекенжайындағы үйлерге қатысты эпизодтар («Пәтерлер» блогы) бойынша куәгерлерден жауаптар алынуда. Әңгіме заңсыз алынып, жалған тұлғаларға ресімделген тоғыз пәтерге сату-сатып алу жөніндегі жалған келісім туралы болып отыр. Өткен аптада куәгерлерден, атап айтқанда, Рүстем ӘЛБАҚАСОВТЫҢ (іздеуде жүрген Б.Рысқалиевтың күйеу баласы) нұсқауы бойынша пәтерлерді сату-сатып алу жөніндегі жалған келісімшарттарды ресімдеумен айналысқан «Лондон-Атырау» ЖШС заңгерлерінен жауап алынды.
Заңгерлер мен басқа тұлғалардың жауаптары бойынша, Әлбақасов «Лондон-Атырау» ЖШС-нің де, Жеңіс саябағының (немесе сотта аталғандай, №2 Демалыс бағының) аумағындағы ғимаратта орналасқан және істе бой көрсеткен басқа ЖШС-лердің де директоры болмаған. Алайда, жауаптарға қарағанда, Жеңіс саябағының аумағында жұмыс істегендер ол жерде 01-шінің (шефтің) Аманжан Рысқали екенін білген. Сондықтан олар оған сөзсіз бағынып, шефтің немесе Әлбақасовтың атынан берілген тапсырмалардың барлығын орындаған. Сол кезде бұл жасырын иерархияға қатысты сұрақ туындап, күмән келтірілмеген еді. Ал қазір Рысқалиевтың ҰҚТ жөніндегі куәгерлерден «егер Әлбақасов сіздердің тікелей бастықтарыңыз болмаса, неліктен сіздер Әлбақасовқа бағынып, оның тапсырмасын орындадыңыздар?» деп сұрағанда, олар жауап таба алмайды. Куәгерлер берген сараң жауаптардан тоғыз пәтер туралы істің мән-жайын түсіну қиын. Алайда Молдашевтың сот ісінің материалдары түсінікті жеңілдетеді.
ҚҰПИЯ ЖОЛДАУШЫ
Сонымен, Аманжан Рысқалидың бейнеүндеуі іс материалдарына қалай түскен? Молдашевтың ісі жөніндегі сот процесінде куәгер ретінде оның жұбайынан жауап алынған. Ол 2013 жылдың 29 наурызында пошта арқылы конверт алғанын айты. Онда бейнеүндеу жазылған флешка мен шағындау екі конверт болған: біреуінде А.Рысқалидың «түсініктемесі» (үндеудің жазбаша мәтіні), екіншісінде директор Ф.ЮСУПОВТЫҢ атынан «МехСтройТранс» ЖШС (Сәтпаев, №35 мекен-жайындағы үйді бастапқы салушы; содан кейін 2007 жылдың қаңтарында аяқталмаған құрылысы бар жер телімін AB Group ЖШС сатып алған еді) және Күмісай ТОҚМЫРЗИЕВАМЕН (Молдашевтың ісі бойынша, сондай-ақ, экс-әкімнің ісі бойынша куәгер) 2006 жылдың 7 тамызында жасалған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы №4 келісімшарт болыпты.
Куәгердің айтуынша, конверт жеке өзіне жолданған екен. Хат әлдебір Н.СӘДУАҚАСОВ дегеннен келіпті. Жіберушінің мекенжайында, атап айтқанда, куәгер К.Тоқмырзиева тұрған алаңдағы пәтер көрсетілген. Алайда, Молдашевтың жұбайының айтуынша, ол жерде ешкім тұрмаған.
– Мен осы үйде тұрамын және ешқандай Сәдуақасов дегенді білмеймін, - деді Тоқмырзиева растап. – Көрші пәтерде мүлдем басқа адамдар тұрады.
Сол жерде сотта Тоқмырзиева 2006 жылғы үлестік қатысу туралы №4 келісімшартта өзінің қолы тұрғанын мойындады, бірақ Молдашев әкелген бүкіл құжаттарға 2008 жылы ғана қол қойғанын айтты.
Конверттегі флешкаға жазылған бейнеүндеу Молдашевтың қылмыстық іс материалдарына біріктірілген.
АМАНЖАННАН СӘЛЕМ
Молдашевтың ісі жөніндегі сот процесіне Назми АЛИЕВ (Алматы облысының тумасы, ұлты түрік, қазіргі уақытта Петропавл қаласында жазасын өтеуде, сотталғанға дейін «МехСтройСервис» ЖШС-де директор болып жұмыс істеген) куәгер ретінде қатысты.
2008 жылдан бастап Юсуф АЛИЕВ (Назми Алиевтің бауыры),Маадин КАМАЛОВ, Бауыржан МҰРЫНОВ жәнеАрман ПАРИТОВ деген құрылтайшылары бар AB Group ЖШС директорының кеңесшісі болды. Жалпы бастапқыда, 2003 жылы AB Group ЖШС-нің құрылтайшысы - әрқайсысында 50 пайыздық үлестері бар Мұрынов пен Паритов болған. Олардың жауаптарына қарағанда, шамамен 2007 жылы алматылық Назми Алиев пен Маадин Камалов аталмыш ЖШС-нің құрылтайшыларына хабарласып, «Атырауда біраз жұмыс жасағылары келетінін» айтқан. Құрылтайшылар келісіп, оларға өз үлестерінің бір бөлігін өз еріктерімен берген. Осылайша, 2007 жылдан бастап Камалов пен Алиев AB Group ЖШС-нің тең құрылтайшыларына айналған (Юсуфта 40 пайыз, қалғандарында 20 пайыздан).
2008 жылы AB Group ЖШС-нің директоры болған Камалов серіктестіктің қаржылық-шаруашылық ісімен айналысқан. Назми Алиев оның кеңесшісі болатын. Мұрынов пен Паритов, олардың мойындауларынша, ЖШС ісімен нақты айналыспаған. 2008 жылы Камаловтың өтініші бойынша олар Сәтпаев даңғылы, №35 үйдегі тоғыз пәтерді тапсыру туралы құрылтайшылар жиналысының хаттамасына қол қойған. Алайда олар бұл пәтерлердің кімге және қалай берілгенін білмейді. Жаңа үйдегі бір шаршы метрдің құнын, олардың айтуларынша, Камалов белгілеген. Ол кімге жеңілдік жасайтынын өзі шешіп отырған. Бұл пәтерлер бойынша ешкімге ешқандай талап қоймайды. Молдашев пен Тоқмырзиеваны білмейді. Азаматтық талап-арызды қолдамаған. Ал Мұрынов пен Паритов қазірдің өзінде бұрынғы әкімнің ісі бойынша жәбірленушілер ретінде қатысып отыр.
Назми Алиевтың жауабына сәйкес, оның Бергей Рысқалиевпен таныстығы 2003 жылы басталған, кейін екеуі дос болып кеткен, бірге демалуға барып тұрған. Бұл уақытта ол «МехСтройСервис» ЖШС-де жұмыс істейтін (1990 жылдан 2008 жылға дейін). Ол Аманжан Рысқалиды шамамен сол уақыттан бері біледі екен. Кейін 2008 жылы олардың күйеу баласы Рустем Әлбақасовпен танысқан.
2008 жылы Н. Алиев «МехСтройСервис»-тен өзінің (40%) үлесін алып, кетіп қалған. Осы үлесімен «ОрсепСтрой» ЖШС-іне кірген, ал үлесін ұлына жазған. «МехСтройТранс» ЖШС құрылтайшысы болып Юсуф Алиев қалған.
Назми Алиевтың жауабында оның Аманжан Рысқалимен тоғыз пәтерге қатысты әңгіменің болғаны келтірілген. 2008 жылдың басында (мемлекеттік қабылдау актісіне сәйкес, үй пайдалануға 2008 жылдың 18 қаңтары күні берілген. – С. Т.) оған Аманжан Рысқали келіп, тез арада Сәтпаев көшесі, №35 үйден тоғыз пәтер керек екенін және қазір ақшадан қиындық туып тұрғанын, бірақ жылдың аяғында төлеп құтылатынын айтқан. Алиев бұл ұсынысты Камаловпен талқылауға тиіспін деп жауап берген. Алайда Рысқали онымен сөйлесіп қойғанын және ол қарсы емес екенін айтқан. Сол кезде Алиев келіскен. Оның жауабына сәйкес, бұл ауызша келісім болған: «Мен келістім. Біз Бергеймен және Аманжанмен достық қарым-қатынаста болдық, олармен 7-8 жылдан бері жақын араласамыз, бір-бірімізге көмектесіп, құтқарып жүрдік».
Арада біраз уақыт өткен соң тоғыз пәтердің құжаттарын ресімдеп, тапсыруы басталды. Барлық пәтерлер «шаршы метр» бағасы үшін шамамен 1 000 доллардан Рысқали көрсеткен тұлғалардың атына ресімделген. Алайда кейін пәтердің ақшасы, Алиевтің айтуынша, AB Group ЖШС-нің кассасына түспеген.
Н. Алиев берген айғақтан үзінді: «Мен жағдайды білу үшін Аманжанға 3-4 рет бардым. Ол төлеймін деп уәде беріп, шыдай тұр деді. Осылайша 2009 жылдың аяғына дейін созылды. Осыдан кейін Бергей Рысқалиевпен сөзге келіп қалдым, енді ол мені қорқыта бастады. Осы уақыт ішінде біздің қарым-қатынасымыз қатты бұзылып, 50%-ы маған тиесілі «ОрсепСтрой» кәсіпорнын тартып алды. Бұдан кейін ақша туралы әңгіме болған жоқ, өйткені Бергей үнемі телефон арқылы қоқан-лоқы жасап, мен инсульт алдым. Мен қарым-қатынасымыз әлі бұзылмаған Аманжанмен сөйлескім келіп еді, бірақ ол телефонын көтермеді. Бергейдің «сәлемдемелерін» күйеу баласы Рүстем жеткізіп отырды».
Назми Алиевтың айтуынша, Бергей Рысқалиевпен қарым-қатынасын өзі бұзып алған: «Бұл жеке шаруамыз. 2008 жылы біз демалуға барғанбыз. Әңгіме барысында ол «мен андаймын, мен мындаймын» деп көкірек соқты, сонда мен «Сен мені шақырғаннан бұрын, 2003 жылы мен фирма директоры болдым» деп жауап қайтарған едім».
Сотта Алиевтың шағымынан (Жоғарғы сотқа жазғаны болуы мүмкін) үзінді келтірілді, онда ол тендерлік «бөтеке» беру сызбасын сипаттайды: мысалы, белгілі бір ЖШС 4,5 млрд теңгелік тендерді ұтады және нысанды 3 миллиардқа толық бітіру үшін қосалқы мердігерге тапсырады. 1,5 млрд Бергей Рысқалиевта қалады.
Соттың «бөтеке» қалай берілді деген сұрағына Алиев былай жауап берді: ««Бөтеке» берілмейтін болды, тендерді олардың компаниясы ұтып, бізге 3 млрд беріп, қалғаны өздерінде қалады». Сұрақ: «Бұл ақшалар іс жүзінде игерілу үшін компанияға бөлінуі керек, алайда олар игерілмей, оған тікелей беріледі. Дәл осылай болды ма?». Жауап: «Иә, нысан құрылысына осы 3 миллиард та жететін болып тұр ғой». Сұрақ: «Яғни, 1,5 млрд оған қалдырылды, бұл сонда пара болып табыла ма?» Жауап: «Біз бұл сомалар туралы кейіннен білдік».«Яғни, барлық нысандар бойынша осы сызба жұмыс жасады ма?» Жауап: «Иә, бұл құпия емес, жұрттың бәрі қосалқы мердігерлікте осылай жұмыс жасады».
Алиевтің айғақтары бойынша, жеке кикілжіңдерінен кейін іскерлік тұрғыдан да келіспеушіліктер пайда болды. Мәселен, Аманжан Рысқали «ОрсепСтрой» ЖШС-ке құрылтайшы ретінде өз адамын араластырып, 50 де 50-ге жұмыс жасаймыз депті.
Н. Алиев берген айғақтан үзінді: «Кейіннен ол өз адамдарын AB Group ЖШС-іне де енгізуді талап етті. Осыған байланысты бізде проблемалар пайда болды және ол күн санап арта берді... Олар мені адам ретінде және компаниямды жойғысы келді. 2009 жылы біз сөзге келіп қалдық, 2010 жылдың ақпанында мен инсульт алдым. Содан кейін Бергей менің Атырауға келуімді талап етті».
Алиевтің айтуынша, ол Алматыда ауруханада жатқанда оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ телефон соғып, шеф шақырып жатқанын хабарлады. Алиев барудан бас тартты. Содан кейін оған Аманжан Рысқали «ОрсепСтройдың» директоры етіп сайлаған Молдашев келеді. Кездесу ЖШС мәселесіне байланысты болды.
Сотта Алиев айтқандай, «Рысқалиевтар командасы» AB Group ЖШС-іне тек пәтерлер үшін ғана емес, сол сияқты автобус паркін асфальттау (200 млн тг), қаланы көгалдандыру (80 млн теңге) сияқты жұмыс көлемдерін орындағаны үшін де ақша төлемеген. Осыдан кейін компания басына қара бұлт төнді.
Пәтерлер кімнің атына ресімделді деген сұраққа Алиев дұрыс жауап бермеді: «Мұны Аманжан Рысқали шешті, мен бұл туралы ештеңе білген жоқпын. Мен де осы үйде тұрдым, сондықтан да осы уақыттарда мұнда Атырау облысы бойынша ІІД бастығы, облыс әкімінің бірінші орынбасары тұрғанын білемін, қалғандары жөнінде ештеңе білмеймін».
Алиевтің айтуынша, Камалов (AB Group директоры) А. Рысқалимен жақсы қарым-қатынаста болған: «Камалов әрқашан Жеңіс саябағына Рысқалидың жиналысына барып тұратын». Сұрақ: «Аманжан Рысқали кім болып жұмыс жасады?» Жауап: «Ол нысандарды берді, оған бақылау жасады, ол жерде бас мердігерлер жиналып, мәселелерді шешетін». Сұрақ: «Ол ресми түрде оның кім болып жасағанын білмейсіз бе?» Жауап: «Ресми түрде білмеймін, білетінім кейіннен депутат болғаны».
Н. Алиев берген айғақтардан үзінді: «Аманжанмен жақсы қарым-қатынаста болған едік. Онымен кездесіп, кімдікі дұрыс, кімдікі қате екенін айтқанын қалап едім. Сол кезде мен Жоғарғы сот пен президентке рейдерлік қысым арқылы өзіме тиесілі мүліктерімді және AB Group ЖШС-ін тартып алды деп шағымданып үлгерген едім».
Алиевтың айтуынша, «ОрсепСтройдың» директорлығына Еркін Молдашевты тағайындағаннан кейін, барлығын «олар» шешті және сол кезде ОрсепСтройдың атына несиені Рүстем Әлбақасов ресімдеген.
Рысқалидың сотта көрсетілген бейнеүндеуі жөнінде Алиев былай мәлімдеме жасады: «Тоғыз пәтер үшін ол маған өз кабинетінде еш қағазсыз, құжатсыз 900 000 АҚШ долларын бердім дей ме, менің түсінуімше? Ол өз сөзіне өзі қайшы кеп тұр ғой. Мен 17 жылдан бері «МехСтройСервис» ЖШС-нде бас директор болып жұмыс жасадым, мен Атыраудан да басқа жерлерде өз кәсібіммен айналыстым! Мен қарыздарымды қайтармайды екенмін, маған сенбейді екен, онда маған неге ақша береді, кассаға төлей салуға болатын еді ғой. Ол маған «сәлем айтып жіберді», мені қорқытты, мен мұны басқаша түсіндіре алмаймын».
Назмидің інісі Юсуф Алиев өз айғақтарында бұл қылмыстар (тоғыз пәтерді бопсалау) үшін шағымдануға қорыққандарын айтып өтті. Бергей Рысқалиев пен Аманжан Рысқали бұлардың соңдарына түсіп, Назми Алиев пен Маадин Камаловтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алиев тұтқындалып, бас бостандығынан айырылды. Камаловқа іздеу жарияланды.
ЖАЛҒАН ШАРТТАР
AB GroupЖШС есепшісінің куәгерлік айғағынан Сәтпаев даңғылы, №35 мекенжайындағы үйдің құрылысы үлескерлер қаржысымен емес, банктік қарыздар есебінен салынғанын білдік. Осылайша, тоғыз пәтер иелерінің үлестік қатысу туралы шарттары жалған екені анықталды.
Ол тоғыз пәтер А. Рысқали тарапынан болған қысыммен берілгені, шығындардың өтемі ретінде жаңа құрылыс нысандары уәде етілгені туралы 2008 жылы бастығы, AB Group ЖШС директоры Камаловтан естіген екен. Камалов оған осы пәтерлерді сәйкесінше адамдардың атына жазып, сатып алу-сату шарттарын ресімдеуге, пәтерлер құны төленгені жөнінде фискалдық чек бермей-ақ, жалған түбіртектер беруге тапсырма берген. Жалған кіріс-кассалық ордерді жасау үшін ол пәтер алушылардың аты-жөнін кассир дайындаған шарттардан алған. Алайда AB Group ЖШС кассасына бұл пәтерлер үшін нақты қаражат келіп түспеген. Жалған шарттар және кіріс-кассалық ордерлер бір уақытта емес, Камаловтың тапсырмасы бойынша, әр түрлі күндерде жасалған.
AB Group ЖШС-тің бас мердігері 2009-2010 жылдары бюджеттік үйлер, жүргінші өткелі және басқа да нысандар құрылысын салған «ОрсепСтрой» ЖШС болып табылады.
БЕРГЕЙДІҢ СЫНЫПТАСЫ
Жоғарыда айтылып кеткендей, тоғыз пәтердің біреуін ресімдеуге Бергей Рысқалиевтың Мақаттағы көршісі және сыныптасы К. Тоқмырзиеваның деректері пайдаланылған. Ол бұл мәміле туралы ғана емес, кеңселері Жеңіс саябағында орналасқан көптеген ЖШС-терде жұмыс жасағаны туралы айтып өтті.
Куәгер бұл серіктестіктердің өзара қарым-қатынас сызбалары, олардың басқару жүйесі туралы білмейді екен. Ол бірнеше ЖШС-те жұмыс жасаған, олар іс жүзінде жұмыс жасамағанмен, есеп-қисап тапсырып отырған: «2004 жылдан бастап мен Жеңіс саябағында жұмыс жасадым, «БауыржанКомпани С» ЖШС-нің құрылтайшысы және директоры АЙТЕНОВТЫ білемін. Оны 2007 жылы Әнуар ҚҰРАМЫСОВ тағайындаған еді, ал олар ЖШС құрылтайшысы емес Алмабек АЛИЕВКЕ бағынды. 2004 жылы Құрамысов «СатНуркен», «Исбулмак», «БауржанКомпани С», «Исмар» сияқты серіктестіктердің есеп-қисаптарын жүргізуді тапсырды. 2008 жылы сәуірде Алмабек Алиев бұл ЖШС-терді басқа есепшіге тапсыр деді. Содан кейін маған «АТГ Құрылыс» ЖШС-ін беріп, жұмыс жасамайтын барлық ЖШС-тердің бухгалтерлік есеп-қисабын тапсыруымды бұйырды».
Осы серіктестіктер туралы айта кетсек, құрылтайшысы мен директоры Н. Айтеновтың айтуынша, газдандырумен айналысатын «БауыржанКомпани С» ЖШС-ін МУСИН және ОМАРОВ деген біреулерден сатып алуды осы компанияда заңгер болып жасаған Асқар КЕРІМОВ ұсынған екен. Айтенов сатып алды, алайда жұмыс жасап үлгермеді, қаржы полициясының тексеруі басталып кетті.
Қазір сотта қаралып жатқан «Пәтерлер» блогы бойынша істің жүру барысы осындай.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА