Атырау, 9 мамыр 10:01
 ашықВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Джолидің би сабақтары

2 886 просмотра

Джоли ПАСКУАЛЕДжоли ПАСКУАЛЕ«Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылында Пи Джейге (24 жастағы итальян бойжеткені  (суретте) өзін осылай атағанды қалайды) Настя бірінші болып жүгірді. Содан кейін басқа балалар да келіп жетті. Пи Джей әуенді қосты, балалар билей жөнелді.

Биге деген құштарлық Пи Джейді туған өлкесі Италиядан «Unidance»-тің лондондық филиалына әкелді. Оның сол жерде жұмыс жасағанына 4 жылға жуық уақыт болыпты. Ол Корольдік би театры және жеке әртістермен әрдайым әріптестік қатынаста. Оның би тобы негізінен студенттер мен мектеп оқушылары сияқты жастардан құралған. Би Ұлыбританияның білім беру жүйесінде міндетті пән болып табылады. Бұл біздің дене тәрбиесі сабағы сияқты, тек бір ерекшелігі - балалар би мен спорттың бірін таңдауға құқылы.

Атырауда осы жобаны ашар алдында ұйымдастырушылар «Unidance»-тің мақсаттық тобы жастар болады деп күткен. Алайда, бір таңғаларлығы, «Unidance Atyrau»-дың қазіргі негізгі клиенттері - ересек әйелдер, бұл – «жаны жастың - тәні жас» мәтелінің тағы бір айғағы. Бүгінде жобада дайындық деңгейіне байланысты үш топ жұмыс жасайды: жаңа бастаушыларға арналған Beginner, кәнігі бишілер мен оқытушылар үшін - Intermediate және Professional. Сонымен қатар, жобаның барлық сабақтарына қатысып, өзіне сай келетін топты анықтауға мүмкіндік беретін VIP-абонементтері бар. Сондай-ақ, Unidance Atyrau жобасының аясында халықаралық жаттықтырушылар Геологқа барып, «Шаңырақтағы» балаларға сабақ береді. Ол жерде би мамандарын 25 бала күтіп отырады. Жобаға жастары бойынша «Шаңырақтан» Жасөспірімдер үйіне ауысқан, бірақ өздерінің кіші отбасы мүшелері - іні-қарындастарына келіп тұратын балалар да қатысады. Тілдік кедергілерге қарамастан (Пи Джей балалармен орысша сәлемдесуді ғана біледі), олар бір-бірін жақсы түсінеді, тіпті бір-бірімен түрлі қимылдар арқылы әзілдеседі де - би тілі барлығына түсінікті. Би, әсіресе, ер балаларға қатты ұнайды.

- Мен дәстүр бойынша ер адамдардың биі болып есептелетін Street-dance, Popping, Locking, hip-hop стильдері бойынша жұмыс жасаймын, ал қыздар нәзік қозғалысты билерді қалайды. Алайда мен белсенді адаммын, бұл ырғақтар маған сәйкес келеді, - деп күледі Пи Джей.

...Настя «Шаңыраққа» жақында келген. Басында жаңа отбасына үйренісе алмай жүріпті. Енді оның өмірінде бауырларымен жақындастыратын ермек пайда болды. Настя солармен бірге дайындық болатын әр күнді тағатсыздана күтеді.

31 қаңтарда Пи Джейді Джерри Хэливел, «Чай вдвоем», «Отпетые Мошенники», DJ Цветков сияқты жұлдыздармен жұмыс жасаған белгілі ресейлік хореограф, оқытушы Сергей ЗИНЧЕВ ауыстырды. Қазіргі уақытта тағы бір атақты шетелдік оқытушы Damien ANYASI-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ол - Кайли Миноугпен жұмыс жасаған, сондай-ақ Лондондағы Олимпиадалық ойындардың ашылуы мен жабылуы нөмірлерін қойған хореографтардың бірі және Лондон корольдік би академиясының оқытушысы. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

6 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.