Атырау, 20 мамыр 03:03
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

АМӨЗ, ТЭЦ, Теміржол: Гурьевтің Жеңіске қосқан үлесі

Сурет
596 просмотра

Жеңіс күнін жақындатуға аға ұрпақтың майдан даласында да, тылда да қосқан үлесі зор болғаны Ұлы Отан соғысы тарихынан белгілі. Сол соғыстың қиын қыстау кезеңінде елдің тылында майданды жанар-жағар маймен, балықпен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған біздің облыс аса маңызды өнеркәсіптік база болды. 

Гурьев облысы  соғыс жылдарында мобилизация және эвакуация орталығының маңызды арсеналы болып, жау қолында қалған аймақтардан стратегиялық объектілер, оның ішінде бірнеше зауыттардың құрал-жабдықтары әкелініп, майдан қажетіне жұмылдырылды. 

Атырау облысы мемлекеттік архиві оннан астам эвакогоспиталдар орналастырылып, КСРО Қорғаныс Комитетінің шешімімен «Гурьев-Қандағаш» теміржолы іске қосылып, әйел адамдар мен балаларды  «Гурьев-Астрахань» /Досанг/ теміржол құрылысына тартқаны туралы тарихи деректермен бөлісті. 

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстандағы шикі мұнайды өңдеу үшін, мұнай комбинатын дамытуға бірден-бір себепші болған жағдай Гурьев мұнай өңдеу зауытының салынуы еді.

1941 жылы Гурьев мұнай өңдеу зауытын және оның жанынан ТЭЦ  салу үшін жер бөлу туралы Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті қаулы шығарды. Гурьев қалалық атқару комитетінің шешімімен болашақ Гурьев мұнай өңдеу зауытына «Ширина» мұнай базасы маңынан алаң беріліп, маңыздылығы жоғары зауыттың жобасын жасауға өзге өңірлерден арнайы мамандар шақырылады. Зауыттың маңына қосымша жер бөлгізіп, жобада су бөлінетін каналдар, маңында көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.      

1943 жылы 14 сәуірде КСРО  Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті «Қазақ КСР-да  №441 Гурьев  мұнай өңдеу зауытын салу»  туралы № 2394 Қаулы шығарды. 

1945 жылдың басында зауыттың негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, аталған маңызды құрылысты 30 тамызда аяқтап, 7 қарашада зауыттың алғашқы өнімін алуды жоспарлайды. Алайда, зауыт құрылысының ыждағатты жүруі өнімді мерзімінен екі ай бұрын алуға мүмкіндік берді. 

Зауыт 1945 жылдың 10 қыркүйегінен бастап өнім бере бастады. Белгіленген мерзімде өнім беріп тұрған цехтар өзінің жоспарын асыра орындап, 1945 жылы 19 қарашада Мемлекеттік комиссия толықтай пайдалануға беруге қол қояды.

КСРО Қорғаныс Комитеті Бас басқармасының 1942 жылғы 26 ақпан  №0106 қаулысы негізінде, Гурьев облыстық атқару комитеті 1943 жылы 2 наурызда  №103-ші арнайы қаулы шығарып, соғыс қажеттілігіне орай  Гурьевте Гурьев жаяу әскер училищесін  құру және училищенің орналасуына  қаладағы Ленин, Куйбышев атындағы мектеп ғимараттарын, сушылар клубын, көлік басқармасын, қалалық аурухана ғимараттарын осы мақсатқа алумен қатар, аталмыш училищенің ату алаңына, жаттығу полигондарына, шаруашылық қажеттілігіне де қосымша  орындар  босатып береді.

Жайық-Каспий балықшылары 33 тонна балықты, Гурьев балық комбинаты ұжымы майданға жоспардан тыс өндірген 140 тонна балық өнімдерін Сталинград майданындағы кеңес жауынгерлеріне сыйлық ретінде жібереді. Осы сыйды ардагер балықшы Ж.Сарбөпиев армия маршалы Рокоссовскийге өз қолымен тапсырған. 

Атырау облысы мемлекеттік архиві қорынан алынған тарихи суреттерде Гурьев жаяу әскер  училищесінің құрылуы, училищенің орналасуы туралы деректер, жауынгерлердің майданнан жазған хаттары, Орлов облысын қалпына келтіру жұмыстарына сұранған мұғалім А.И.Ульконың өтініші, Сталинградты қорғаушыларға Новобогат ауданы атынан жолданған аудан басшысы Қостамбаевтың хаты, Ленинград қаласына Ембі мұнайшыларының сыйлығы жөніндегі архивтік құжаттар көрсетілген. 

Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер Атырау облысы мемлекеттік архиві қорынан

8 мамыр, 22:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.